14 қар, 2016 сағат 09:50

АШМ көп ескерту жасай бермей, нақты шараларды қолға алуы қажет - Премьер-министр

- Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық қауіпсіздік бойынша ескерту көп жасай бермей, нақты шараларды қолға алуы қажет, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мынау вакцина туралы айтып жатырсыздар. Көп проблема содан шығып отыр ғой. Негізінен, оны xалықаралық талаптарға сай келтіру керек. Егер ол болмайтын болса, онда регламент қажет шығар. Жаңа Айтуғанов (ауыл шаруашылығы вице-министрі - авт.) айтып өтті, міне, ескерту жасаймыз деп, не ол "ескертеміз" деген? Оның бәрі - "дежурный" сөздер. Сіз ескертесіз де, қоясыз. Олар болса, өз істерін жалғастыра береді. Сөзді қайтесіз, нақты жұмыс керек, Асқар Исабекұлы (ауыл шаруашылығы министрі - авт.). Оларды үйтіп саусақпен қорқытып, келесі жолы құртамыз, үйтеміз-бүйтеміз дегенше, қажетті құжаттардың барлығын болып, заңды түрде жұмыс жүргізу керек. Тиімсіз вакцина болса, кім алды, соны тәртіпке шақыру қажет. Жаңа айтып отырсыздар ғой, қажетті құзырлы органдарға материал беріп жатырмыз деп. Әрине, үлкен шаруа бұл. Қалған бес облыс бойынша Сібір жарасынан шығуымыз қажет", - деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

Осы орайда Премьер-министр көрші елдердің Қазақстанның етіне қатысты ветеринарлық тексерісті күшейтіп жатқанын тағы бір мәрте еске салып, келесі жылда келеңсіз жағдайлар қайталанбауы қажет деп түйіндеді.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов сібір жарасына қарсы вакцинаға сынақ жүргізгеннен кейін құқық қорғау органдарына тиісті материалдардың жіберілгенін жеткізді. "Биыл тамыз айында сібір жарасына ванкциналардың сапасын тексеру мақсатында біз тиісті сынамаларды Украина мен Эфиопияның зертxаналарына жіберген едік. Соның нәтижесі қуантарлық емес. Қазан айында тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Қазіргі кезде сол материалдар бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр", - дейді ол.

Осыған байланысты вице-министр келесі жылдан бастап талаптардың күшейтілетінін ескертті.