Қазақстанда азаматтардың кейбірі Конституцияға өзгерістердің жиі енгізілуіне наразы. Ата заңды «черновикке» айналдырдыңдар деп те сынайды олар. Бұл жөнінде не дейсіз? Осы сұрақ бүгін Сенат отырысынан кейін жоғары палатаның төрағасы Мәулен Әшімбаевқа қойылды, деп жазады Ulysmedia.kz.
«Конституция ылғи өзгеріс енгізіле беретін қандай да бір құжатқа айналды деген сөзбен келіспеймін. Меніңше, біз Конституцияға шынында да, сирек болса да өзгеріс енгіземіз. Конституцияның өзі 1995 жылы қабылданған. Содан бері өзгерістер айтарлықтай көп енгізілді деп айта алмаймын», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасының айтуына қарағанда «бұл жолғы жағдай бірегей».
«Біз аталмыш мәселені республикалық референдумға шығарып жатырмыз. Халық дауыс береді де, өз ұстанымын білдіреді. Негізгі позициялар бойынша бұл жерде мәселені депутаттар шешпейді. Сондықтан бұл жерде жағдай ерекше дер едім. Халық дауыс береді. Қазақстан халқы қалай шешеді – солай болады», - деді ол.
Мәулен Әшімбаев Конституцияға өзгеріс енгізе беруді өзі де қолдамайтынын айта келе Ата заңды киелі құжатқа, базалық құжатқа теңеді.
«Егер біз Конституцияны өзгертетін болсақ, біршама заң өзгереді де мұның соңы белгілі бір деңгейде түсінбеушілік туғызуы мүмкін», - дейді ол.
Елбасы туралы заңның Мәулен Әшімбаев мәжіліс депутаты болған кезінде қабылданғанын тілшілер Сенат төрағасының есіне салған. Ал қазір жағдай өзгергенде бұл жөнінде Әшімбаевтың өзі не ойлайтынын тілшілер білгісі келді. «Мен ол үшін ұялмаймын» деп жауап берді Сенат төрағасы.
«Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты қандай артықшылықтары бар екеніне тиісті түсінік беру керек. Оның барлығы экс-президенттерге қандай артықшылықтар берілетін болса, яғни әлеуметтік жағынан қорғалуы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелердің барлығы Тұңғыш Президентке де беріледі. Бұл тұрғыда ешкімнің де артық бір дәрежесі болмайды. Болашақта Қазақстанда біраз Президенттер болатын шығар. Осы орайда әлеуметтік тұрғыдан қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормалар экс-Президенттерге бірдей қатысты болады. Бұл нормалар Конституциядар бар, сол нормалардың барлығы Тұңғыш Президентке қатысты қолданылады», - деді Мәулен Әшімбаев.
Әшімбаевқа Конституцияның 91 бабынан Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты “Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалаушы” деген сөздің алынуы жөнінде бірнеше сұрақ қойылған. Соңында Сенат спикері журналистерге былай деді.
«Халықтың пікірі ескерілді. Адамдардың ойы шынында да есепке алынып жатыр. Адамдардың дәл осыны сұрағанын өздеріңіз де білесіздер. Өздеріңіз де сондай позициядасыздар ғой. 95-99 пайызыңыз шығар!..»