Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің соңғы отырысында көтерілген ұсыныстарға қатысты заң жобаларын әзірлеуде Азаматтық альянстың белсенділік танытқаны маңызды. Азаматтық альянс өкілдерімен кездесу кезінде Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өзара қарым-қатынасты бес бағытта нығайтсақ деп отырмыз. Бұл жерде Азаматтық альянс Президент Әкімшілігімен, мемлекеттік органдармен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, екінші жағынан үкіметтік емес сектормен жұмысты күшейтсе дейміз. Біріншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғам сұранысына берілген жауап ретінде кейбір қылмыстарға қатысты жаза күшейтілуде. Қоғамдағы мәселелерді түзеуге бағытталған заңдар қабылдануда. Алайда ары қарай жұмысты жалғастыру керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің соңғы отырысында көтерілген ұсыныстарға қатысты заңдарды әзірлеуде Азаматтық альянс белсенділік танытса дейміз», - деді ол.
Мәулен Әшімбаевтың айтуына қарағанда, мемлекеттік органдардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – заңға енгізілетін өзгерістерді халыққа барынша ұғынықты түрде жеткізу.
«Қоғамдық диалог орнатып, билік пен қоғамның арасында жүйелі коммуникацияны орнатқан абзал», - деді ол.
Еске сала кетсек, елордада Қазақстанның Азаматтық альянсының конференциясы өтіп жатыр.