23 жел, 2024 сағат 12:53

«Асфальт жабыны мүлдем жоқ, шұңқыр-шұңқыр»

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Көлік министрлігінің деректері бойынша қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдар 87 пайызды құрайды. Алайда, жергілікті жолдардың тек 31 мың шақырымында немесе 44 пайызында асфальт-бетон жабыны төселген. Ал қалған 39 мың шақырымында немесе 56 пайызында қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселіп жатыр. 

Депутаттар қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселген жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдарға жатқызбау үшін автожолдардың сапасын бағалау өлшемшарттарын қайта қарау қажет деп есептейді. Бұл туралы айтқан Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбилянов осылай ғана «жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нақты жай-күйі туралы білетін боламыз» деп отыр.

Сондай-ақ, мемлекет 100% қатысатын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы автомобиль жолдарының Ұлттық операторы болып табылады. Бірақ Нұртай Сәбиляновтың сөзінше ол бір уақытта 2 функция атқарады.

«Атап айтқанда, автомобиль жолдарын салу және оларды реконструкциялау, жөндеу мен күтіп-ұстаудың ұйымдастырылу барысы мен сапасын бақылау. Яғни, ол жолды өзі салып, өзін-өзі бақылайды екен», -дейді мәжілісмен Парламенттің төменгі палатасында «Елдің көлік-логистика әлеуетін дамыту туралы» өткен Үкімет сағатында. 


Сәбилянов осындай жағдай Жол активтері сапасының ұлттық орталығында да орын алып отырғанын айтады. 

«Ол жобаларға ведомстволық сараптаманы өзі жүргізеді, таңдау түріндегі құрылысқа ұсыныстарды өзі береді және мердігер ұйымдардың жұмысынан кемшіліктерді өзі табады. Сөйтіп, мүдделер қақтығысы туындайды. Ал мемлекеттің стратегиялық міндеттерін іске асыру кезінде бұған жол берілмеуі тиіс», -дейді ол.


Бұдан басқа, депутат жергілікті техникалық қадағалау қызметтері жұмысының әлсіздігі байқалатынын айтып отыр. 

«Олар атқаратын жұмыстардың сапасы үлкен наразылық тудырады, техникалық қадағалау функциялары формальды түрде орындалады», -дейді Н. Сәбилянов.   


Тағы бір мәселе, автомобиль жолдарын бұзатын ауыр жүк тасымалдайтын машиналар. Бұл жүк көліктерінің салмақ параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станциялардың қажетті санының болмауынан туындап отыр. Елімізде 50-ге жуық автоматтандырылған өлшеу орталығы орнатылған (оның 7-і Астанада, 6-ы Алматыда, 37-і өңірлерде). Шамадан тыс жүктеме анықталған кезде деректер тіркеліп, айыппұл салу үшін уәкілетті органдарға беріледі.

«Осыған байланысты орындалатын жұмыстар мен қолданылатын материалдардың сапасы бойынша (жыл сайын үнемі көтерілетін) мәселені шешетін уақыт келді. Сондай-ақ орындалған жұмыстардың сапасы бойынша анықталған бұзушылықтар үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін күшейтіп, автоматтандырылған өлшеу станцияларының санын көбейту керек», -дейді ол.


Депутат берген мәліметтер бойынша бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ұзаққа созылған құрылыс» жобаларын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар 90%-ға аяқталды, олар: «Қарағанды - Балқаш-Алматы» (885 км), «Атырау - РФ шек. (Астраханьға)» (217 км), «Ақтөбе - Қандыағаш» (96 км), сондай-ақ «Талдықорған - Өскемен» (768 км), жалпы ұзындығы шамамен 2 мың шақырым жол (1966 км-ден 1960 км-ге жол қамтамасыз етілген). Алайда, құрылысын аяқтауды және жөндеу жүргізуді қажет ететін автомобиль жолдары бар.

Мысалы, «Қалбатау - Майқапшағай» тас жолын жөндеу 2019 жылдан бері бес жылға жуық уақыт жүргізіліп келеді. Бірақ жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталған жоқ.


«Ұзындығы 412 км болатын республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автожолы ең үлкен мәселе  болып отыр.  Осы учаскені жөндеу жұмыстарын аяқтауды жеделдету қажет. Сонымен қатар, мысалы, республикалық маңызы бар Қарағанды - Аягөз - Бұғаз  автожолының жай-күйі қанағаттанарлық жағдайда емес, әрі оның жекелеген учаскелерінде тіпті асфальт жабыны мүлдем жоқ, шұңқыр-шұңқыр. Бұл мәселе осы өңірдің тұрғындары арасында жиі көтеріледі. Биыл жөндеу жұмыстары бсталды, енді бақылауды  күшейту керек. Біздің ойымызша, автомобиль жолдарының мұндай жай-күйі олардың өткізу қабілетіне және жалпы алғанда елдің көлік-логистика әлеуетін дамытуға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан Министрлік осы мәселелерді шешу жөнінде шаралар қабылдауы қажет», -деп отыр Н. Сәбилянов.


Бұдан басқа депутат Үкімет сағатында теміржол, әуе және теңіз көлігі мәселелерін де көтерді.



Балжан Жеңісқызы