02 там, 2016 сағат 16:13

Әсет атындағы дәстүрлі орындаушылар байқауының жеңімпаздары анықталды

ШҚО-да Әсет Найманбайұлы атындағы «Інжу-маржан» ІІІ - республикалық дәстүрлі орындаушылар байқауы өз соңына жетті. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған байқауда елімізге танымал өнер қайраткерлері төрелік етіп, жеңімпаздарды анықтады.

Ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған байқауға еліміздің 9 аймағынан келген келген 20-дан астам дәстүрлі әншілер қатысты. Марапат рәсімі барысында ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысушыларға алғысын білдіріп, келер жылы Ә. Найманбайұылының 150 жылдығы жоғары деңгейде өткізілетіндігін жеткізді.

– Ә. Найманбайұлы алаштың ән оздырған өте тағдырлы әншілердің бірі. Оның ғибрат пен тарихқа толы өміріне қарай отырып, қазақтың басындағы кейбір өзекті мәселелерді байқаймыз. Осының барлығын ертең халық мұрасы ретінде осы әншілер жеткізіп, дәстүрімізді насихаттамақ, – деді Жақсылық Омар.

 Байқаудың қорытындысы бойынша ІІІ орынды алматылық, актөбелік және Үржар ауданының әншілері иеленді. Ал ІІ және І орынды шығысқазақстандық қатысушылар алса, байқаудың бас жүлдесі Ақмола облысынан келген Асқар Мұқияттың қанжығасына байланды.

Сонымен қатар, шара аясында Үржар аудандық әкімдігінің ұсынысымен Үржар ауданында орналасқан Ә. Найманбайұлы атындағы әдеби-мемориалдық мұражайының директоры Әбен Тайғынұлына «Үржар ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Шара елімізге танымал өнер майталмандарының қатысуымен өткен гала-концертпен жалғасын тапты

"Ұлт ақпарат"