17 мау, 2022 сағат 14:39

Асаба сөзінің мағынасын біліп жүрміз бе?


Қазақ халқы үшін өмірдің ең басты құндылығы той ғой. Мейлі, ол қандай той болсын онда шаруасы жоқ, әйтеуір күліп-ойнап той тойласа, сонымен рахат табатын халықпыз. Үйлену тойы, шілдехана тойы, тұсау кесер, қыз ұзату, тілашар, беташар, тіптен, машина алса да той, үй алса да той, сонымен не керек, тек көңіл-күйіміз жақсы болса болды. Бұл енді біздің сонау мыңдаған жылдардан бері жалғасын тауып келе жатқан ұлттық менталитетімізге еніп кеткен салт-дәстүріміздің бірі десек болады. Тойсыз тұра алмаймыз және қарыздансақ та соны жасауға тырысып бағатынымыз тағы бар. Өйткені, бұл - адам баласының өміріндегі жарқын сәттердің бірі осы той-думан мен қызықты күндер деп санамызға философиялық тұрғыдан сіңіріп алған ата-бабаларымыздың ғұмырлық қағидасы. Тіптен, бір-бірімен айтысқа келген екі адамның қырылып өз-өзін сөзбен сабап жатқанында да шаруамыз жоқ, ол – біз үшін үлкен той. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын және сондай кездесудің өзін үлкен думанға айналдырып жіберетін халқымыздың ақкөңілдігі. Иә, айта берсең қазақ елінің тойы да думаны да бітпейтіні рас. Мүмкін, өмір болған соң бұл да бір жақсы қасиет шығар?! Бірақ біздің бүгінгі айтпақ ойымыз той туралы емес, соны басқаратын Асаба туралы болмақ.

Хош делік, қандай той-жиын болса да бұрыннан бері келе жатқан салтымызға сай оны бір адам басқаруы керек. Ол басқаратын адам салиқалы, сөзге шешен, халықтың абыройына бөленген, тапқыр, ел алдында беделі жоғары жан болуы тиіс. Баяғы заманда хандар, сұлтандар, билер, батырлар осындай той өткізген кезде міндетті түрде оны жүргізетін және басқаратын бір адамды сайлайтын болған. Жай ғана кедейдің өзі де өз орталарында беделі бар адамға басқартатын болған-ды. Бұл - қазіргі заманда да солай жалғасын тауып келе жатқан үрдіс. Ендігі айтарымыз, қазіргі кезде той басқаратын болмаса жүргізетін адамды «Асаба» деп атайтындығы. Неге Асаба дейді? Бұл сөз біздің қазақи сөз бе, әлде, басқа елден сіңген сөз бe? Міне, мұның мағынасына ешкім мән беріп жатқан жоқ. Осы сөз халық арасында әйтеуір осылайша қалыптасып кетті.

Әлқисса, онда әңгімемізді арыдан бастайық. Баяғы заманда бабаларымыз кез-келген тойды өткізген кезде оған екі адамды тағайындаған: бірі ас мәзіріне жауап беруші, екіншісі жиналған дүйім жұртты үйіріп әкетіп отыратын үйлестіруші. Асқа жауапты адам ол тек астың пісуіне, халыққа қанша табақ ет тартылатынын біліп, жеткізуші, қазан-ошақтың басында бәрін қадағалап жүруші жан болған. Ал енді қазанның басында кімдер жүреді? Әрине, бәйбішелер, тоқалдар және ауыл келіндері. Міне, осылардың жұмысын қадағалап, оларды үйлестіріп, қай қазанға не салынады, нені қосады, қанша уақыт қайнату керек деген сияқты жұмыстардың басы-қасында бақылап жүретін басшы әйел адам болуы тиіс. Ал оған жасы үлкен, өмір тәжірибесі мол, көпті көрген әйел баласы сайланады. Яғни, қазақта жасы үлкен әйел затын «Апа» дейді. Негізінен қазақта «Апа» деп, сіңлісінен үлкен әпкесін атайтын болған. Бірақ, бұл сөз кейін келе үлкендікті білдірген соң, үлкен «Әжеге» де қолданыла бастады. Осыдан келіп астың дәмі мен нәрін келтіретін, оның дәмді болуына өз үлесін қосатын ас басқарушыны «Ас апа» деп атаған, яғни, «ас апасы, асты және ондағы келіндерді басқарушы» апасы деген мағынада айтылған. Кез-келген сол елдің тұрғындары тойға немесе үйіне тамақ сұрату керек болған жағдайда оған «Ас апасына бар, содан сұра» деген сияқты әңгімелер айтылатын болған-ды. Осы сөз кейін келе той басқаратын адамның ныспысы ретінде «Асаба» болып аталып кетті. Жоғарыда айтқанымыздай «Апа» сөзі осылайша ас басқарушыға қойылды. Ол қазанның басында Апаның сіңлісі, келіні, құрбысы жүруі мүмкін болғандықтан да, барлығының апасы деген оймен қалыптастырған. Қазақтың қандай әдемі сөзі десейші «Ас апа»?!

Ал енді тойды басқаратын тұлғаға келейік. Әрқашан қазақта тойды ер адам басқаратын болған. Оған да да тәжірибелі, көпті көрген, білгені мен оқығаны көп, сөз қадірін түсінетін, ел жағдайынан хабары бар жанды сайлаған. Оны не деп атаған? Оның да бір атауы болу керек қой? Иә, атауы бар, ол – Тоғашы. Баяғы сол халқымыздың салттық үрдісінен қалып келе жатқан дәстүрге сай, бұл адам сол тойда жүрген барлық бай мен кедейді тең ұстап, ешқайсысын алаламай бірдей басқарып отыруға міндетті еді. Егер сол жерден бір кедейдің, болмаса байдың арасында алауыздық шығып кететін болса, сол Тоғашы басымен жауап беретін болған. Сондықтан оның жұмысы да өте жауапты, ауыр. Міне, осындай екі таптың ортасын бай мен кедейді бірдей ұстап, жігін жармай бәрінің көңілін тауып басқаратын адамды, халық «Тоқ-ашты тойдырушы, тоқ пен аш адамды тойдырушы» деп атаған. Өйткені, ол - бәрінің тілін тапқан. Қарны тоқ, уайымы жоқ байды да тойдырып билеткен, түгі жоқ кедейді де тойдырып билеткен. Осы сөз келе-келе қысқарып, кейіннен «Тоғашы» болып кеткен. Бұл сөзді қазіргі кезде де кей өңірлер қолданады. Тіптен, жазушыларымыз да өздерінің еңбектерінде қолданғаны бар.

Мысалы: Ұзақов Бегабат өзінің «Жантаза» атты әңгімелер жинағындағы «Балуан қыз» әңгімесінде бір ауылдағы келін түсірген тойды сипаттай келе: «Ендігі кезек – Алдаш жыраудікі», – деп Тоғашы дүйім жұртқа жариялаған кезде сұңғақ бойлы жігіт ағасы ортаға қалтақтаған соқыр шалды жетектеп шықты..... (4 бет)... Жыраулардың алдына жайылған орамалға ақша деген үйіліп қалды. Тоғашы орамалды жинап алды...(5 бет)...».... Осы еңбектегі «Өмір тоқтап қалмайды» атты екінші әңгімесінде де: «Баяғыда Бөршітаудың баурайындағы Жəутік шопан той берді. Сол тойдағы көкпарда серкенің орнына тайлақ тартылды. Өзін көкпаршы санап жүргеннің талайы тайлақты көтере алмай масқара болды... Өңкиген пəле тақымға басуға келмейді екен. Алдыма өңгеріп ап, шауып барып, Тоғашының аяғының астына лақтыра салдым (160 бет. Алматы: «Қазығұрт» баспасы. – 2014.).. деп жазғанынан Тоғашының той басқарушы екенін байқаймыз.

Марқұм Бегілда Алдамжар ағамыз да өзінің «Ұлы сел» романында осы сөзді қолданып жазады. Аталған романда: «Сол арада Тоғашы тұрып, жиылған жұртқа қарап: - Уа, жиылған жоралар, ағайындар! Бағанағы шартымыз бойынша кім елді көп жинап ала алса, бас бәйге сонікі дегенбіз...  – Бай ағамыз жыраудың бәйгесіне бір түйе, бір жорға ат, бір кілем тіккен еді. Соны Нияз ертең алады, - деді Тоғашы...  – Қазір алдырамыз. – Нұриддин есік жақта тұрған Тоғашыға қарады». (Төртінші кітап, 137 бет. 1970-1985). Ілесбек Байжанов өзінің «Шымкент шаһары, Ұлы Бабалар насияты» кітабында да Ер Жәнібек Шалотарұлының мынадай бір толғауын келтіреді:

- Арғын Аға баласы!

Керей Батыр жолда «Тоғашы»

Семсеріне сең тоқтаған,

Сүрлеуіне Ел тоқтаған!

Сүйреткен жері қан болған,

Сүйкеген жері май болған,

Сүңгісінде жалы бар, - деп, Керейдің бір кездері ел басқарған, сөзі өтімді болғанын той басқарған Тоғашыға яғни, той басқару дүйім жұртты басқару екеніне меңзей отырып, соған теңегенінен байқауға болады. Бұл да біздің сөзіміздің дәлелі бола алатыны анық. 

Ал, енді ғылыми еңбекке сөз берейік. С.Аманжолов өзінің «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты еңбегінде қазақ сөздерін талдай келе: «Тоғашы – атқа мінер, тоғышар. Тоғашы – аспапшы, тамақ тасушы» деген қазақ арасындағы сөз мағыналарын айтады (255 бет. Алма-Ата 1959. Абай атындағы Алматының мемлекеттік педагогика институты). Ал, біріккен авторлықпен шыққан Ғ.Қалиев, О.Нақысбеков, Ш.Сарыбаев, А.Үдербаевтардың «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» атты еңбегінде: Тоғашы – ауылдың атқамінері, пысық жігіт, шабарман..Тойда Тоғашы болу қиын жұмыс емес.. (Қызылорда, Шымкент, Сырдария)... Монғол қазақтары – аспаз, тамақ істеуші» (Алматы: «Арыс» баспасы 2005) деген мағыналарын келтіреді.

Міне, өздеріңіз байқағандай барлық жазушыларымыз да, ғылыми деректеріміз де той-жиынды басқаратын адамды Тоғашы де атағанын жазып отыр. Енді бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Ал, қазіргі тойларды басқаратын адам Асабамен бірге аталып жүрген Тамада сөзі де бар. Біз бұл сөзді орыс халқынан енген деп жүрміз, сөйтсек олай емес екен. Бұл сөз Грузин халқының сөзі болып шықты. Олардың түсіндірме сөздігіне сәйкес, «Тамадоба» деп аталады және оның мағынасы «мерекені басқарушы, мереке кезіндегі аға» деген мән береді. Кейіннен мерекені ұйымдастырушылар, оны жүргізушілерге қолданған екен. Ал, парсы тілінде «Дамад» деген - «күйеу бала» деген мағынаны тұжырымдайды. Шамасы бұл тойдағы ең белсенді болып саналатын адам күйеу баланың рөлі туралы айтылса керек. Сайып келгенде бұл да басқарушы ретінде мәнге ие екен. Ал, Кавказдағы тағы бір ел Адыгейлер тілінде «Тхамате» деп аталады. Оның сәл өзгешелігі «Бастық, көшбасшы» дегенді білдіреді. Бірақ, мұның да біз айтып отырған тұжырымдаманың қазіргі түсіндірмесінен айтарлықтай ерекшеленбейді.

Сонымен қорыта келе айтарымыз, «Асаба» сөзі – асты басқаратын апаны білдіреді. Тойды басқарушы Тоғашы болғанын дәлелдеп, халықтың арасында шынайы шындыққа көз жеткізу еді. Қазіргі кездегі Тоғашыларға көңіліміз де толмайды. Олардың тойға барып, халықты табаны тесілгенше тасырлата билетіп, мәні жоқ әзілдерімен елді мезі қылатыны жанға батады. Жаттанды сөз бен жалған мақтаулардан аса алмайтын Асабаларымыз көбейіп барады. Қайта керісінше, біздер осы Тоғашылар арқылы әдебиетімізді, рухани құндылықтарымызды, ана тіліміздің бай мұраларын қалыптастыратын дүние жинақтауымыз керек емес пе? Мүмкін, Асабаларға да арнайы лицензия беріп, тек белгілі бір шарттарды бағындырғандарға ғана той басқару құқығын беру керек шығар? 

Асылжан Дулати,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі