06 там, 2021 сағат 22:45

Арыстағы вагон өрті: ТЖД оқиғаның мән-жайы туралы ақпарат таратты


«Арыс» станциясындағы вагон өртінен зардап шеккендер туралы қоңырау түскен жоқ. Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті осындай мәлімет таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін сағат 16.25-те Түркістан облысы Арыс теміржол станциясының диспетчерінен «Асса станциясы - Жамбыл облысы - Түркістан облысының Арыс станциясы» бағытындағы жүк пойызының вагонынан түтін шығып жатқаны туралы хабар келіп түсті. 

Түтін 64 вагон тіркелген пойыздың №54 вагонынан шыққан. Ондағы жүк «Қазфасфат» ЖШС-ның ресейлік кәсіпорынға жөнелткен сары фосфор екені анықталды. Жүк 20 тонналық контейнерге тиелген. Оның нақты көлемі есептеліп жатыр», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі. 

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, жергілікті әкімдік шағын аудан тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылдаған болатын. 

«Арыс қаласының Наурыз шағынауданында (халық саны 4 мыңға жуық) және Хлопком кентінде (халық саны 6 мыңға жуық) 4 эвакуациялық пункт ұйымдастырылды. 

4 мектеп ғимаратында 8 мың орын әзірленді. Эвакуацияланғандардың саны нақтылануда, көбі туыстарының үйін паналап жатыр. 

Сағат 20.30-дағы жағдай бойынша, жедел штабтың шұғыл желісіне ақпараттық сипаттағы 2 қоңырау келіп түсті. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ», - делінген ресми ақпаратта.

Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, сағат 19.22-де өрт оқшауланып, беті қайтқан. Төтенше жағдайды жоюға департаменттің 35 қызметкері мен 6 техникасы, «ҚТЖ»-ның 11 қызметкері, 1 техникасы және өрт пойызы, 60 полиция қызметкері мен 9 техника, 8 әскери қызметші мен 2 әскери техника, эпидемиологиялық бақылау басқармасының 3 қызметкері мен бір санитарлық техникасы тартылған.