24 шіл, 2020 сағат 11:34

Арыста дүкен ішінен дәріхана ашып алғандар дәрі-дәрмекті заңсыз сатып келген

Түркістан облысының полицейлері дәрі-дәрмекті жоғары бағамен сатудың кезекті фактілерін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Түркістан облысының полицейлері карантин кезінде сұранысқа ие дәрі-дәрмек сату фактілерін анықтау үшін кезекті рейдке шықты. Күн сайын полицейлер, денсаулық сақтау және жергілікті орган өкілдерінен тұратын мобильді топ рейд жүргізеді. 

Бұдан бөлек, мобильді топтар карантин кезінде маска режимін және басқа да санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтау үшін профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 

Мысалы, Арыс ауданында мобильді топ дәріханалардың бірін тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл дәріхана санитарлық нормаларды сақтамаған, талапқа сай келмейді, азық-түлік дүкенімен бір ғимараттың ішінде орналасқан. 

Дәріхана қызметкері дәрі-дәрмекті тиісті лицензиясыз сатқан. Тексеру барысында мобильді топ сатушыдан 400-ге жуық орамнан 140 түрлі дәрі-дәрмек тәркіледі. 

Сол күні Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті дәріханалардың бірінде дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сататыны туралы хабарлама келіп түсті. Тексеру барысында дәріхананың сатушысы «Новиган Нео» және «Нимесулид» дәрілерін жоғары бағамен сатқаны анықталды. 

Барлық материал тиісті шешім қабылдау үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберіледі.

Сарыағаш ауданының полиция бөліміне Сарыағаш қаласында белгісіз тұлғалар дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сататыны туралы хабарлама түскен. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, жергілікті тұрғынның «Меропенем» 50 қаптамасын тиісті құжатсыз 590 мың теңгеге сатып жатқан жерінен ұстады. 

Тәртіп сақшылары айғақты тәркілеп алып, жас жігітті полиция бөліміне жеткізді. Аталған жайт Сарыағаш аудандық полиция бөліміне тіркеліп, тексеру жүргізілуде.

Тәртіп сақшылары Мақтаарал ауданында тағы бір дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сату оқиғасын анықтады. Полицияға жергілікті тұрғын Атакент кентіндегі дәріханада дәрі-дәрмектерді белгіленген бағадан қымбат сатып жатқаны туралы арызданған. Полиция қызметкерлері дәріхана қызметкері «аскорбин қышқылының» 2 бумасын 1400 теңгеден сатқанын анықтады (белгіленген бағасы - 700 теңге). 

Жинақталған материалды полицейлер заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша фармацевтикалық бақылау бөліміне жолдады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға карантин мен маска режимін сақтау қажеттігін ескертеді.