25 мау, 2019 сағат 07:12

Арыста адасқан балалардың барлығы ата-аналарына тапсырылды - Тұрғымбаев

Арыстағы жарылыс кезінде адасып қалған балалардың барлығы ата-аналарына тапсырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Балаларға қатысты айтарым, Арыс қаласында жарылыс кезінде барлық балабақшалардан сәбилер эвакуацияланған болатын. Туған-туыстарында, таныстарында болған немесе адасып қалған балалардың барлығы табылып, ата-аналарына тапсырылды. Арыз-шағым жоқ», - деді Ержан Тұрғымбаев Үкімет отырысында.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында кеше таңертең жарылыс болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. Апат салдарынан екі адам мерт болды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.