31 там, 2017 сағат 14:08

«АрселорМиттал Теміртау» үш кенші қаза тапқан апаттың мән-жайын хабарлады

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясының басшылығы мен қызметкерлері бүгін таңертең Шахтинск қаласында қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Қаза тапқандардың отбасына толық көлемде көмек көрсетіледі. Жерлеу рәсімінің барлық шығындарын компания өз мойнына алады», - делінген «АрселорМиттал Теміртау» АҚ хабарламасында.

Компания басшылығы «Қазақстан» шахтасындағы үш кенші қаза тапқан қайғылы жағдайдың мән-жайын хабарлады.

Оқиға таңертең болған. 31 тамыз күні таңғы сағат төрттен өте АГҚ (автоматтандырылған газ қорғанысы) операторы тау диспетчеріне 332 Д6-1-3 желдеткіш түйісімінде метан кенжарды бақылау тетігінен байланыс жоғалғаны туралы және шахтаның батыс желдеткіш ұңғысында метан деңгейінің көтерілгенін хабарлаған. Шахта басшылығы тез арада жағдайды анықтау шараларын жүргізген: кенжарға Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің екі бөлімшесі мен сол учаскенің тау шеберін жіберген.

Таңғы сағат 6-да үңгушілер осы кенжардан өлі күйінде табылды. Алдын ала дерек бойынша қайғылы жағдай кенеттен метанның (газ динамикалық құбылыс) таралуы салдарынан болған. Оқиға кезінде шахтада 132 адам болған, оның 129-ы апатты жою жоспарына сәйкес өздері жердің бетіне шыққан.

Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің 49 қызметкері мен 9 техника апатты жою жұмыстарын жүргізуге тартылды. Шахтадағы жұмыс уақытша тоқтатылды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды, тергеу жүріп жатыр. Тергеу нәтижесі комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін белгілі болады.