Армения жоғары технология өнеркәсібі министрі Акол Аршакян.
Журналиске күш қолданып, компьютерін лақтырып жіберген Армения жоғары технология өнеркәсібі министрі Акол Аршакян отставкаға кетті. Оқиға 19 наурызда болған, ал министр 31 наурызда қызметінен кетті. Бұл туралы Азаттықтың Армян қызметі жазды.
"Армения азаматы ретінде лауазымды тұлғаның өзге азаматқа күш қолдануы дұрыс емес деп санаймын. Біз озбырлықсыз қоғам құруға ұмтылуымыз керек" деп жазды 35 жастағы шенеунік Фейсбук парақшасында. 1 сәуірде оның орнына Тавуш облысының губернаторы тағайындалған.
Оқиға Еревандағы дәмханалардың бірінде болған. Журналист камерасын қосып, түскі ас ішіп отырған министрге барып, жұмыс уақытында не үшін жұмыс істемей отырғанын сұраған.
Министр оған әрдайым жұмыс істейтінін айтқан кезде журналист шенеуніктердің белгілі бір уақыт аралығында жұмыс уақыты барын алға тартқан. Бұдан соң Аршакян журналистің соңынан ілесіп, екінші қабатқа көтеріліп, оны ұрып, компьютерін диванға лақтырып жіберген.