Армения мен Әзербайжан Мәскеуде өткен консультациялардың қорытындысы бойынша мәлімдеме қабылдады, тараптар тұтқындарды, сондай-ақ қаза тапқандардың мәйіттерін алмасу үшін гуманитарлық мақсатта 10 қазанда сағат 12:00-ден бастап атысты тоқтату туралы уағдаласты, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің үндеуіне жауап ретінде және Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің, Әзербайжан Республикасының Президенті И.Г. Әлиевтің, сондай-ақ Армения Республикасының Премьер-Министрі Н.В. Пашинянның уағдаластықтарына сәйкес тараптар мынадай қадамдар туралы келісті:
1. 2020 жылғы 10 қазанда сағат 12:00-ден бастап әскери тұтқындарды және басқа да ұсталған адамдар мен делдалдық кезінде қаза тапқан адамдардың мәйіттерін алмасу үшін және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің критерийлеріне сәйкес гуманитарлық мақсатта атысты тоқтату туралы шешім жарияланады.
2. Атысты тоқтату режимінің нақты параметрлері қосымша келісіледі.
3. Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағаларының делдалдығы арқылы бітімгершіліктің базалық қағидаттары негізінде бейбіт келісімге жедел қол жеткізу мақсатында субстантивтік келіссөздерге кіріседі.
4. Тараптар келіссөздер процесі форматының өзгермейтінін растайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Ресей президенті Владимир Путин Армения мен Әзербайжанның СІМ басшыларын Мәскеуге Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде қаза тапқандардың мәйіттері мен тұтқындарды алмасу мәселелері бойынша кеңесуге шақырды. Ресей, Әзербайжан және Армения сыртқы саяси ведомстволары басшыларының келіссөздері 10 сағаттан астам уақытқа созылды.
Лавровтың сөзінше, «тыныштық тәртібінің» нақты ережелері қосымша келісіледі.
Армения да, Әзербайжанды бұл мәлімдемені әлі растамады.
Мәскеудегі келіссөз басталғанда Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Арменияға шиеленісті бейбіт жолмен шешу үшін "соңғы мүмкіндік" беретінін мәлімдеген.
"Шиеленіс қазір әскери жолмен шешіліп жатыр, саяси жолға содан кейін жүгінеміз" деді ол осыған дейінгі келіссөздердің нәтижесіз аяқталғанын атап өтіп. "Отыз жылға жуық келіссөз жүргізіп келеміз. Өзгеріс болды ма? Бізге жеріміздің сантиметрін болса да қайтарды ма?".
Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжанның жері саналады. Бірақ ол 1990-жылдардан бері этникалық армяндардың бақылауында. Совет Одағы ыдырағанда Ереванның қолдауына ие армян сепаратистері Әзербайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеп, арты Әзербайжан мен Армения арасындағы соғысқа ұласты. Алты жылға созылған соғыс 1994 жылғы келісіммен тоқтады. Бірақ бейбітшілік толық орнаған жоқ, ара-арасында қақтығыстар болып тұрды. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың қолында. Соғыс салдарынан жүздеген мың әзербайжан босқынға айналды.
"Халықаралық дағдарыс тобы" ұйымының (ICG) Оңтүстік Кавказ жөніндегі сарапшысы Заур Шириев Әзербайжан халқы бейбітшілік жөніндегі келіссөздерге оралуға құлықты емес дейді.
Twitter желісіндегі жазбасында Шириев әзербайжандардың Әлиевтен "пайдасыз келіссөзге оралмауды талап етіп отырғанын" жазды.