Жақында көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Арман Қанидің 65 жасқа толды. Алпыстың асқарына шыққан ақын ағамызды мерейлі жасымен құттықтай отырып, бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
* * *
Жазмыш деген бұлжымайтын заңдылық,
Өзгермес Заң – туған жанның өлмегі.
Жер үстінен жоқ іздейміз қаңғырып,
Жайлы орынға жайғасқанша көрдегі…
Жанарымда бұлдырайды бар әлем,
Құс жолының арғы жағы тұманды…
Айдай болып тұрса Шындық табар ем,
Әркімге аян болуы оның күмәнді…
Дәруіштер де табандарын тауысқан
Іздегенін таппай өтер тірліктен.
Тек тілдесер дәлдүріштеу данышпан
Бұл дүниеде о дүниелік Шындықпен…
* * *
Жаратқанның жүзіне ынтық мұңлықпын,
Ғайып жақтан зер салады Ол бірақ.
Менің жырым сөзі емес-ау Шындықтың,
Соның ғажап түсіндегі сандырақ…
Көк езулер сайөрлесе көпіріп,
Аталы сөз өледі екен зорлықтан…
Ал Шындыққа жуый алмас өтірік,
Түсінде де ақ сөйлейді ол сондықтан.
Періштелер ақ бесігін тербесе,
Кім бұзады ұйқыдағы бұл күйін?
Оның түсін жырлай берем ендеше,
Ол оянса, сөзін сөйлеу тым қиын…
* * *
Ақындар да жасамайды мәңгілік,
Маңдайында Жазуы бар Алланың.
Менің үнім – фәнидегі жаңғырық,
Сенің де үнің – жаһандағы жалған үн!..
Бақ-дәулетті баянсыз деп таныр кім?!
Батар күнде кетпес үшін есеміз…
Құнсыз берген сыйын пұлдап Тәңірдің,
Базаршылап қызғылт тірлік кешеміз…
Сен секілді мен де елеске алдандым,
Енді ақтық үмітіммен күнелтем.
Біздей бейбақ перзентімен Жалғанның
Тілдесе ме Ұлы Ақиқат күні ертең?..
* * *
Мен Шындықтың түр-сипатын танимын,
Сен де соған зер салуға қамданшы.
Ақиқат бар мақамында қаридың,
Ал тойдағы әндер кейде алдамшы…
Тірлігіміз әлде жалған, әлде шын,
Әуелден-ақ Тәңір біздің жанға ие.
Жыр жолына Сүрелердің сәулесін
Түсірген тек Мәшһүр сынды әулие.
Кім сүйемек Ақырзаман ақынын,
Жаза басса әулиелер ізінен?
Ақыреттік Ақиқатқа ақырын
Кетіп барам ұстараның жүзімен!
* * *
Қылшылдаған ұстараның жүзімен
Кетіп барам Ақыретке ақырын.
Тірлік!..
Арсыз күлкіңмен де қызық ең,
Алдандырған Жалған дүние ақынын.
Күнәкар боп құрдымдарға құласам,
Бірге құрыр бізді іздеген жоқшылар…
«Бұл өмірдің мәні не?» – деп сұрасаң,
Біле алмадым,
Жауабы оның жоқ шығар…
Сырласса да өлілермен, тірімен,
Түк түсінбей өтер Арман Қани бұл.
Енді өзіңнің жүрегіңнің түбінен
Шындықты іздеп,
Ақиқатты тани біл!
* * *
Адам ата жеген Жаннат жемісін,
Татып көру Жерде жүрген маған жат…
Періштелер түсе ме отқа мен үшін,
Оттан сені құтқара ма Адамзат?..
Әр ісіңді ар-иманың бағалар,
Құз үстінен күн қарайды құзғын көз.
Көкіректе екі Сөз бар, ал олар:
Қасиетті Сүрелер мен біздің сөз...
Жаңылыссақ опа таппай жалғаннан,
Құзғын күнге жем болармыз осылай.
Фәниде екі жолаушы бар сандалған,
Бірі – менмін, бірі – сенсің, Досым-ай!..
* * *
Сенің де енді көрген күнің – сұмдық күн,
Сорға бола тапқан бізді шешеміз!..
Етегінен ұстап сайқал тірліктің,
Дәл кіндікке дейін күнә кешеміз…
Аптаптарда таңдай кеуіп қаталар
Топан судай бізді үйірер бір елес...
Болашағың о дүниеге апарар
Бейопа жол,
Одан басқа түк емес!
Жынойнақта қотан жынмен достастық,
Екеуміз де жұмаққа енді бөтенбіз.
Тек, бұл сөзді айтқан еді-ау есуастық,
Соған сенген біз де есуас екенбіз!..
* * *
Қаза және тойда – қазақ баласы,
Жайшылықта сөз іздейді базардан…
Жаназада кей сорлының санасы
Ас үйге ауып,
Иіс тартар қазаннан…
Қаралы үйде қара сорпа көп қалар,
Керекуде кафе де бар лайықты…
Әуелі жұрт Мойылдыны бетке алар,
Әуестікпен ұстап табыт қайықты…
Оралған соң марқұмды еске ап дос, құрдас,
Бірі жоқтап, бірі мақтап күледі…
Бірақ әлгі табыт қайық бос тұрмас,
Өлместей боп жүрген енді кім еді?..
* * *
Кереку-ай, сейілді ме сайраның,
Кеңкелестер салғанда айқай-сүреңді?
Кеше ғана үні үзілген Майраның
Үйін бұзып,
Көрін іздеп жүр енді!..
Азабы көп, ажалы жоқ ақын бір
Ұрандаса,
Үйтентектер шет қалмақ.
Өлең жазғыш, дарақылау қатын жүр,
Қас дарынды «Балаң өлсін!» – деп қарғап.
Қыршын кеткен ұлымды ертең құшамын,
Шетінемес боқтышақтың қатары.
Қаламымды сабы күміс, ұшы алтын
Былғамаймын,
Кет, албасты, кет әрі!!!
* * *
Жуас түйе жақсы екен… – деп,
Жүндейтін,
Біздің қазақ аңғал мінез ел еді…
Топастарға ақындарды күндейтін
Қазірет боп көрінгім-ақ келеді.
Дінсіз тобыр бәлкім мені қомсынбас,
Көкірегімнен көшсін енді өлеңдер!
Хан алдында иілмейтін өршіл бас,
Пір алдында қол қусырып сәлем бер!
Тек әуелден тегеуірінімді таниды ел,
Тентек басқа қалай тағам сәлдені?!
Арғы тегім – Жаяу Мұса, Мәди ер,
Мықты болсаң, жуасытып ал мені!!!
* * *
Бұл фәниде бар дейсің бе керемет,
Текті жырдан өзге ештеңе сезбедім…
Ауыстырдым қазір елу кебенек,
Кием ертең үш-ақ орам бөз кебін.
Қарай-қарай сайтандардың сыйқына,
Жауыр болған көзім түк те көре алмас.
Сағымданған санам әлі ұйқыда,
«Фәни тірлік түс тәрізді» деген рас.
Ал аруақтар о дүниеде жүр ояу,
Олар мені есіркеумен еске алар.
Тірлігімде санамды оят, Құдай-ау,
Өлгеннен соң оянғаны кеш болар…
* * *
Жалғыздықпен ғұмыр кешкен ақ қайың,
Жас тамырың бұлттардан нәр сұрай ма?
Ақ төсің тұр сөл бөлуге дап-дайын,
Тек, күнәлі бола алмаймын Құдайға…
Көлеңкеңнің сырын көңіл сезеді,
Әйтсе де мен саған кінә тақпайын.
Айпара күн иманымның көзі еді,
Көлегейлей бермеші оны, ақ қайың.
Ұғыспасақ өкінішпен өтерміз,
Аялаған арды қалай аттайын?
Қосылмайтын қос жалғызбыз екеуміз,
Әй, ақ қайың, жалғызілік ақ қайың…
* * *
Дүниеде қатал әрі такаппар,
Кейде даңқ іздейміз ғой әлі біз.
Ізімізбен ілеседі лақаптар,
Атақтардан күңгірттенсе арымыз.
Қанағатым ындынымды құлыптар,
Құрып кетсін ынсапсыздың тірлігі!
Жын-сайтанның қауымына кіріптар
Тойымсыздау жан мен тәннің бірлігі.
Жау теректің жапырағындай жүрегім,
Енді сен де астам ойдан арылшы.
Мен патшайым махаббаттың құлы едім,
Сайқал ойға бола алмаймын әмірші!
* * *
(Бұл өзіме айтқан сөзім өзімнің)
– Өлең қалсын ақын Арман Қанидан!
Махаббатың анасы еді сезімнің,
Ақылыңның жолдасы еді ар-иман.
Қара көзің ақ қағазды қия алмай,
Қалтыраса саусақтарың қаламсыз,
Қиын болар жан тапсыру ұялмай,
Және көрде кірпік ілу алаңсыз…
Үміт артпа, қария күн де алдамшы!..
Жыр Өмірдің бес шумағын қайырдың,
Енді, ақыным, ақ сапарға қамданшы.
–Үгіттеме, әлдеқашан дайынмын!..
* * *
Кілт бұрылды Ұлы Уақыт ағысы,
Жерден көкке атылды әне жасындар!
Өткен шаққа заулап Өмір жарысы,
Кері ағады мыңжылдықтар, ғасырлар!
Қайта көктеп күлге айналған жапырақ,
Өз қалпына келмек енді бәрі де.
Көрден сыртқа лақтырылып топырақ,
Жан оралар аруақтардың тәніне!
Сәулеленіп Жаратқанның сәлемі,
Келеді әне өз жарығын кешіп Күн.
Көктен түскен Аяттардың әуені
Қайта әуелер күмбезінен мешіттің!
Періштелер Құс жолымен ағылып,
Перілер де Алла есімін ардақтар!
Кебіндері аппақ нұрға малынып,
Қабірінен шықты, әнекей, аруақтар!
Жер бөленді рахман нұрлы нөсерге,
Жаннат жақтан Кемпірқосақ керілді!
Көрінді, әне, қырдан әке-шешем де,
Қыршын ұлым Рауаным да көрінді!
Көзіме олар басылды ғой оттай бір!
Айрылмай-ақ аймалайын қарғамды,
Ай-һа-ай, Ұлы Ақырзаман тоқтай тұр,
Тоқтай тұр да,
Қалпыңда осы қал мәңгі!!!
Мінәжат
Сауалдар көп, жауаптарын іздеңіз,
Санамызда өрт шығарар кейбір ой.
Топырақтан жаратылсақ сіз бен біз,
Шайтан оттан жаратылған, – дейді ғой.
Жұлдызды аспан жанарыңда дөңгелер,
Көкжиегің көмілгенде іңірге.
Жаратқанға құлдық ұрған пенделер
Пірадар ғой, жаннатқа енер түбінде!
Ақыретке ой жетеді, көз жетсе,
Жолда келем үмітімді жетелеп.
О баста егер шайтан бізге сәжде етсе,
Сірә, өртеніп күлге айналып кетер ек!..
***
Әуел бастан адамзатқа қаскүнем
Жын-перілер күпір тірлік кешеді!
Бірақ олар болмапты ғой маскүнем,
Зинақор да болған емес, – деседі...
Ғибадатпен әрбір күнді қарсы алып,
Періштеден кем түспеген атағы!
Тек малғұнның менмендігі соншалық,
Көзіне ілмей қойған Адам атаны!
...Әй, кеудемсоқ, адамға сөз айтарда
Сабаңа түс, сонда ғана сыйлысың.
Пенде түгіл сор боп тиген шайтанға
Тәкаппарлық сені оңдырар деймісің?!
***
Түсіме енген періштедей сан қыздан
Тек біреуі көз алдымда тұрады!
Шарасыздан ақынға өлең жазғызған,
Сірә, соның күн дидары кінәлі...
Хордың барлық қыздарына бергісіз,
Ай келбетті әйелзаты бір өзі!
Ар-иманы кәміл адам сенгісіз,
Пейілі пәк және де әйбәт мінезі!
Бейне соның жанарынан таң атқан,
Сөйлегенде ұқсайды екен үні әнге.
Һақтың өзі сұлу қылып жаратқан
Қызды сүйдім!..
Айт, кәнекей, кінәм не!..
***
Намазшамда иманымды ұлықтар,
Нәпсі құрғыр қалған екен құлыпсыз...
Бірақ пенде атаулыда үміт бар,
Ақыретте шайтан ғана үмітсіз.
Қара албасты қарғып өтіп жолымнан,
Иықтағы ұялды екі періште.
Шайтан орғып оңымнан да солымнан,
Ақидамды шығармақшы теріске.
Дәрменсізбіз жабылса амал дәптері,
Жанды қинар қабірдегі сұрақтар.
Һаққа әйтсе де жалбарынған сәттері
Шын жылап ек,
Бізге ендеше жұмақ бар!..
***
Жетімдер жүр жан дүниесі жаралы,
Анасының рухы елестеп көзіне.
Ал есерсоқ қаза үстінде қаралы
Қара пиар жасамақшы өзіне!
Сұмдық ісі жүрегіңді сыздатқан,
Имансызға ибалы сөз айтар кім?!
– Алас, Алас!
Безіп кетіп біз жақтан,
Етегіне енсін енді шайтанның!
Әйтсе де адам әзәзілі аз деме,
Озбырлығын көргеніңде сабыр ет.
Және біреу ғайбат сөзді жазды әне,
Сол айуанға айтпай-ақ қой лағынет...
***
Ұлды болдым, төгілді де көктен нұр,
Шаңырағымнан ақ бұрқақ ән шашылды!
Кірпігімнен үзілген жас – мөп-мөлдір,
Дөңгеленген дүние – қызыл-жасылды...
Сыңғыр-сыңғыр еткен күміс қоңырау,
Сын сағатта үні үзіліп кілт тынды...
Төрде ойнаған өмір, өмір, өмір-ау,
Босағада өлім барын ұқтырды.
Ұлды болғам, жау теректей жалғыз ұл...
Жай отынан жөн бе енді құн сұрау?..
Кірпігімнен үзілген жас – қан қызыл,
Дөңгеленген дүние реңі сұп-сұр-ау...
***
Жалақорлар басына үйген пәлені
Пенделерді Алла ғана аямақ!
Ал бақида жатыр барзах әлемі,
Аруақтардың рух-шарифын аялап.
Ақырзаман жетсе әке-шешем мен
Ұлым Рауан тіріледі, сенемін!
Сірә, дұрыс, қазір былай десем мен:
–Бір көрсемші аруақтардың әлемін!
Бірақ барзах бұл фәниден қашық па?..
Бар әлемге әмір етер Тәңір тек.
Соны ұғынып өзіме айттым:
–Асықпа,
Әлі де ойлан, сабыр, сабыр, сабыр...– деп.
***
Жүрегіңе имандылық бітпесе,
Тірліктегі барлық күнің бекер-ау.
Әзірейіл кеп: «Алла атымен шық» – десе,
Жан еріксіз шығады да кетеді-ау.
Ақтық сәтте не демексің Тәңірге,
Және де Оған не айтады басқалар?
Мәйітіңді қалдырған соң қабірге,
Ақыреттің сұрақтары басталар.
Осыны ойлап Жаратқанға сыйынып,
Түн ішінде тәспі тартып отырам.
Түбі көрге ізгі амалдар құйылып,
Құтқарады бізді тозақ отынан...
***
Алла аса мейірімді, рахымды,
Тек қана Оған серік қоссаң кешпейді.
Кәлима айтсақ дем шығарда ақырғы,
Жаннатқа жол ашатыны рас,– дейді.
Тәңір бәрін естиді әрі көреді,
Кей шақтары тұрам жалғыз иіліп.
Бала кезде дос-жарандар көп еді,
Қатарымыз қалған екен сұйылып.
Қиын жолда кейде өзімді қинадым,
Жаутаң қағып ілеспеген жолдасқа.
Деді біреу: Серік болса иманың,
Жаратқан һақ – жалғызға жар!
Сол рас па?
***
Бейнамаз ем, сәждеге енді бас ұрдым,
Сұрқия елес тұра қашты есіктен.
Бәлкім, қанды жарасына ғасырдың
Ем іздесем, табармын-ау мешіттен!
Сахабалар жайлы әңгіме сапырар,
Абыз қарттар сарқылыпты ғаламда.
Салафилер, уахабилер, сопылар,
Бұл мешітте бір орын бар маған да!
Он бесімде бет қаратпас жалынмен
Жанып өштім ұлт мүддесі үшін тек!
Енді Алланың өзін іздеп жаныммен
Мешітке енсем,
Мені кімдер түсінбек?!
***
Періштелер зер сап маған сүйіне,
Пері алдымнан өте шықты көлбеңдеп.
Маңдайымды бұрдым Құдай үйіне,
Һаққа тәжім еткенінде Жер мен Көк.
Кеңселерден өрген қулық-сұмдықты
Намазхандар кері қуар менсізде.
Әйтсе де олар айта алмаса Шындықты,
Кілт бұрылып кетермін-ау елсізге!
Тас үңгірде күнелтермін алаңсыз,
Көкте самғар бұлтпен бірге көшкен ой.
Айыптама елден безсем амалсыз,
Әулие де сөйтіп тірлік кешкен ғой...
***
Ұйқысынан оятып ап әлемді,
Мешіттерден аспанға ұшты азан ән.
Өзіме-өзім жиһад жасап мен енді,
Барлық пәле-жалалардан тазарам!
Қу нәпсімді бұғалықтай алғаным
Қандай жақсы,
Қайырлы істер бұйырсын!
Жаннаттағы нұры Расул Алланың
Қайрылып кеп ой-санама құйылсын!
Оңашада өз-өзіммен тілдесем,
Бәлкім, ділмен сезінермін ғайыпты.
Сөйтіп, мен де сәби сынды күн кешем,
Тек мақтаудың бәрі Аллаға лайықты!
***
Өмір, шіркін, жебе сынды зулаған,
Өкініш көп, бәрін де Өзің бағала!
Теңдесі жоқ, туылмаған, тумаған
Сені қайдан табам, Алла тағала?..
Кіл жүйрікпен бақ сынасып көріп ем,
Орға әкеліп жығады екен жарыс бұл.
Енді ашуға ұшырағанның жолы мен
Адасқандар жолынан да қалыс қыл!
Ой-cезімім кейде еріксіз сенделді.
Сенен өзге бастар мені кім алға?
Нығметіңе бөлеші енді пендеңді,
Лә иләһә иллалла!
Арман Қани – ақын, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Невада-Cемей», «Азат» қозғалыстарының, «Қазақ тілі» қоғамының ардагері, «Ұлт тағдыры» облыстық филиалының үйлестірушісі, 1954 жылы, 22-ақпанда Павлодар қаласында туған.
Арман Бақтанұлы кеңестік кезеңде, ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» ұйымын құрып, отаршылдыққа қарсы іс-әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін мектеп пен комсомол қатарынан шығарылған, саяси қудалауға ұшырап, білім алу және жариялану құқықтары шектелген. Орта мектепті де (1976 ж.), жоғары оқу орнын да (ПМУ-дың филология факультеті, 1995 ж.) өз құрбы-құрдастарынан көп кейін, сырттай оқып тамамдаған.
А. Қани – көптеген мүшәйралардың жеңімпазы, жүлдегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін», «Павлодар қаласының құрметті азаматы», «Баянауыл ауданының құрметті азаматы» атақтары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, Ресей Лермонтов комитетінің Қайсын Құлиев медалы, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Павлодар облысына – 75 жыл», «Невада-Семей» қозғалысына – 25 жыл», «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл», «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік медальдары мен «Тіл жанашыры» Құрмет белгісінің иегері.
Қазіргі кезде Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы «Ертіс дидары» газетінің редакторы болып істейді.
Шығармалары: «Ар алдында» (Павлодар, «ЭКО» – 2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, «ЭКО» – 2004 ж.) «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, «Қазақпарат» – 2006 ж.), «Жұлдызды тұман» (Павлодар, «Кереку» – 2008), «Сен және мен» (Астана, «Фолиант» – 2012), «Үйлесім–Гармония» (Павлодар, «Brand print» – 2014), «Баянауыл жырлары» (Павлодар, «Brand print» – 2014), «Қарашығымдағы бейнелер» (Павлодар, «ЭКО» – 2019 ж.).
Ұлт порталы