23 қар, 2020 сағат 08:59

Архимед Мұхамбетов азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды

Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдегі қала және аудан әкімдерімен селекторлық кеңес өткізіп, бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды "Ұлт аұпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар қарастырылды. Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, облыс тұрғындары азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етіледі. Айта кетейік, әлеуметтік желіде өңірде әлеуметтік азық-түліктің жетіспей жатқаны туралы хабарлама тараған болатын. 

«2020 жылдың басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі 107,1%-ды құрады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға 1,4 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры қалыптастырылды, тұрақтандыру қорына 14 түрлі өнім сатып алынды. Облыс аумағында сатылатын тауарлық интервенциялар жүргізіліп жатыр. Тұрақтандыру қоры үнемі толықтырылып отырады», - деді өңір әкімі. 

Архимед Мұхамбетов аудан-қалалардың әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша тұрақты негізде шаралар өткізуді тапсырды.