29 қыр, 2020 сағат 19:21

Арқалықтағы құс фабрикасына жаңадан құстар әкелінеді

Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішев «Агроинтерқұс» фабрикасындағы құстардың өліміне қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Қазіргі мәлімет бойынша 360 мыңнан астам құс қырылып қалды. Өлген құстың барлығы жойылып, тиісті акт құжаты толтырылды. Арқалық құс зауытына республикалық бюджеттен өтемақы төленеді. Құстардың қырылғанымен кәсіпорын жұмысын тоқтатпайды. Бұл фабриканың Арқалық тұрғындары үшін маңызы зор. Өйткені 250 адамды жұмыспен қамтып отыр. Таяу күндері тазалау, дезинфекция жұмысы жүргізіледі. Алдағы айдың соңында жаңадан құстар әкелінеді. Кәсіпорынмен бірлесе отырып, 3-4 айдың ішінде құс санын қайта қалпына келтіреміз. Жұмысшылар қысқармайды», - деді Қайрат Әбішев. 

Ветеринар мамандар құс тұмауы індетінің Қостанай облысында бұған дейін тіркелмегенін айтады. Бүгінде өңірдің 59 ауылында 130-ға жуық ветеринар маман вакцина егу жұмыстарымен айналысып жатыр. 

Сонымен қатар республикалық эпизотиялық жасақ індет ошақтарына айналған мекендерді дезинфекциялап, құс өліктерін өртеп, құсынан айырылған отбасылардың тізімін жасайды. Бұл тізім облыста құрылған арнайы комиссияның қарауынан өтеді. Тауығы қырылған жеке секторлардағы 2 384 үйге республикалық бюджеттен өтемақы төленетін болады.