«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, елордада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс Х съезі өтіп жатыр. Съезге еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам делегат келген.
«Қазіргі жағдайды геосаяси ахуалға байланысты қарастыратын болсақ, Президенттің өкілеттігін 7 жылға дейін ұзарту – дұрыс шешім, батыл қадам деп ойлаймын. Кезектен тыс сайлау өткізу ұсынысын да қолдаймын. Еліміздің болашағы – балаларымыз бен немерелеріміз үшін елімізде тұрақтылық болуы керек», - деді «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов съездің ашылуында.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы алға қойған бағдарламаларын орындау үшін 7 жыл – өте қолайлы кезең, Президент бастаған реформаларды жүзеге асыруға жеткілікті уақыт.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы кезектен сайлау өткізуді ұсыну арқылы ел басқарушыны таңдап алуды дауысқа қойып отыр. Елімізде білімді, көзі ашық, ұлтжанды азаматтар аз емес. Президенттікке кандидат болғысы келетіндер де әрқашан табылады. Мәселе билік басында ұмтылуда емес, саяси салмақта. Алдағы сайлау – бұл жай ғана Президентті таңдау емес, жалпы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі позициясы мен ішкі саясатының бағыттарын анықтауға бағдарланған саяси қадам болмақ.
Спикер соңғы уақытта Мемлекет басшысының қабылдаған реформалары көптің көңілінен шығып жатқаны өткен референдумда халықтың белсенді қатысқанынан байқалатынын жеткізді.
«Реформаның жолы ешқашан жеңіл болған емес. Еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты рефомраларды табысты жүзеге асыру үшін жаңа сенім мандаты қажеттігін, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятынын және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайын екенін айтты. Президент мандатының ұзақтығын қайта сайлануға тыйым салынатын 7 жылдық бір мерзщіммен ғана шектеуді ұсынды. Бұл болашақта билікті меншіктеп алудың кез келген әрекетінің алдын алады. Мемлекетіміз үшін маңызды саяси науқанға біз ардагерлер үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қазіргі уақытта Президент ұсынған реформаларды қолдау еліміздің болашағы үшін аса маңызды», - деді Ізмұхамбетов.