
Cолтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері ет өндірісі 4,1% артты. Бұл туралы СҚО әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл қазақтың ақбас тұқымды сиырына арналған (1000 мал) ферма іске қосылады. 13 мың малға арналған екі бордақылау алаңының құрылысы жалғасуда. Оның ашылуы келесі жылға жоспарланған. Былтыр біз ет комбинаты мен «EMC Agro» ЖШС ірі шошқа кешенін іске қосу туралы айтқан едік. Тұрақты жұмыс кәсіпорынға шошқа кешенін 50-ден 100 мың малға дейін кеңейтуге мүмкіндік берді», - деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, өңірде генетикалық орталық ашу жоспарланған. Мұның бәрі жыл басынан бері ет өндірісінің 4,1% өсуіне негіз болған.
«Өсім тек сүт пен ет өндірісінде байқалмайды. Бүгінде облыстың 80-нен астам қайта өңдеу кәсіпорны 330 түрлі ет, сүт және макарон өнімдерін шығарады. Сонымен бірге, картоп өндірісі біздің қажеттіліктерімізден 11 есе, жұмыртқа - 10 есе, макарон - 9,3 есе, жылқы еті, сиыр еті, қырыққабат және сәбіз - 3 есе асады. Біз әрбір үшінші қазақстандықты солтүстікқазақстандық өніммен қамтамасыз ете аламыз», - дейді Құмар Ақсақалов.
