11 там, 2020 сағат 12:48

«Аралтұз» бен «Аралсода» ауруханаға 50 млн теңге көлемінде көмек көрсетті

«Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС Арал аудандық ауруханасы үшін оттегі концентраторлары мен медициналық жабдықтарды сатып алды.

Еліміздің басқа да өңірлеріндегідей Арал ауданында да коронавирустық инфекцияға, пневмонияға шалдыққандардың саны аз емес, бұл өз кезегінде медициналық жабдықтардың тапшылығына әкеліп соқтырды. Осындай жағдайда дәрігерлер белдерін жазбай жұмыс істеуде. Бұл індет қазақстандықтарды біріктірді, әрбір адам қолдан келерліктей үлесін қосуға тырысып жатыр. 

«Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС басшылықтары да немқұрайлы қарай алмады. Компанияның жеке бюджетінен 50 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражат бөлінді. Арал ауданының провизорлық стационарларының қажеттіліктері анықталып, керекті медициналық жабдықтар мен материалдарды сатып алу туралы шешім қабылданды.

Қайырымдылық көмек аясында «Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС COVID-19 вирусына шалдыққан аурулар жатқызылатын Арал аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 19 оттегі концентратын, 200 медициналық төсек пен төсек-орын жабдығын, 200 медициналық қорғаныс құралы мен маска жиынтықтарын сатып алып, табыстады. Көмек көресетудің келесі кезеңінде қосымша 2 жедел жәрдем машинасын, 100-ден астам газ баллон, сәулелендіргіш, медициналық функционалды төсек және басқа да медициналық жабдық пен материалдарды сатып алу жоспарлануда.

Коронавирус инфекциясының таралуының қиын кезінде ауруханаларға қолдау қажет, ал «Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС болса мүмкіндігінше жедел түрде көмек көрсетуге тырысып жатады.