09 шіл, 2021 сағат 11:49

Арал ауданында түйелер табанының түсу жағдайы тіркелді


Қызылорда облысы, Арал ауданының үш ауылында биылғы жылдың маусым айының соңғы он күндігінде түйелер табанының түсуіне ұшыратқан ауру кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі таңда жергілікті ветеринария саласының мамандары ауру белгілерін анықтап, оған қатысты билік тарапынан жедел шаралар қабылданды. 

Ауданға қарасты Аққұм, Қарақұм ауылдық округтері және Жақсықылыш кентінде 24 түйенің аталған аурумен сырқаттаған жағдайы тіркелді. Ветеринар мамандар түйелерге клиникалық тексеру жүргізіп, «Некробактериоз» болжамды диагнозын қойып отыр. Ол аса қауіпті ауру түрлеріне жатпайды.

«Аталған ауруға жануарлардың барлық түрі ұшырауы мүмкін. Ол қажетті жем-шөп қорегінің аздығынан, қуаңшылықтың болуынан туындайды. Мәселен, ол қыстан арық, көтерем болып шыққан, иммунитеті төмен малдарда жиі кездеседі. Ол ауырған түйелердің табанын зақымдап, мазольді қабатын бұзып түсіреді. Сондай-ақ, лайлы-шалшық жерлерде, көктемде қора-жайларға механикалық антисанитарлық жұмыстардың жүргізілмеуінен де пайда болады. 

Ветеринар дәрігерлер ауырған түйелерді емдеу үшін түрлі антибиотиктерді қолдануда», - деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дармағанбетов. 

Оның айтуынша, бұл мақсатта «Бициллин-3», «АСД фракция-3» ерітіндісі, «Ашокси», «Нитокс-200» ветеринариялық препараттарын малдарға егу жүргізілуде. Препараттар мал иесінің өз қаражаты есебінен егілуде. Оған шамаман 8-10 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады.

Қазіргі күні ауырған түйе малдарының жағдайы қалыпты деңгейде. Ауырған 24 бас түйенің бүгінде 14-і сауыққан. Ал, қалған 10 бас түйеге емдік шаралары жүргізілуде.

Бүгінгі күні ветеринар мамандар мал иелеріне емдеу процесін тегін жүргізіп жатыр. Мал аурулары тұрақты бақылауға алынған. 

Айта кетейік, ауру белгілері анықталған түйелерден қосымша сынама алынуда. Сынамалар республикалық ветеринарлық зертхананың Қызылорда облысындағы филиалына тапсырылады.