16 нау, 2017 сағат 08:14

А.Перуашев: Білім беру жүйесі-министрдің жеке шаруасы емес, ол бәрімізге ортақ мәселе

Біздің қоғамда бұған дейін ешқандай реформа дәл осындай пікірталасқа негіз болмап еді. Қазір көзі ашық, көкірегі ояу жандардың бәрі еліміздегі білім реформасына өз ойларын білдіріп жатыр. Бірі – мақтайды, бірі – даттайды. Біріне – дәстүр керек, бірі – жаңалық іздейді. Ал, сол пікірталастың түп-негізі қайда, мәселе қайдан шығып отыр? «Ақ жол» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев пен белгілі журналист Арман Сқабылұлы осы сұрақтарға жауап іздейді.

- Азат Тұрлыбекұлы, білім саласында болып жатқан реформаларға байланысты сіздің әрдайым өз ұстанымыңыз бар екенін білеміз. Осыған орай бірнеше мәрте депутаттық сауалдар да жасадыңыз. Енді қазіргі министр- Ерлан Сағадиевтің төңірегінде дау-дамай әңгіме өршіп тұр. Бұл жолы сіздің депутаттық дауысыңыз естілмеді. Неге? Қоғамдық пікір екіге жарылып жатқан тұста үнсіз қалуға болмайтын секілді?..

- Шынымен де, «Ақ жол» партиясы Қазақстанның жарқын болашағы үшін білім беру саласын ең маңызды деп есептейді. Сондықтан бұл салада болып жатқан кез келген тың өзгерістерге бейжай қарай алмаймыз, ондағы кемшіліктерді сынға алып, өз шешімдерімізді де ұсынамыз. Өйткені біз әрқайсысымыз ата-анамыз, өзімізді кейде педагог деп те санаймыз, ал кез келген ата-ана өз баласының сапалы білім алуын қалайды.     

Еліміздегі білім беру саласы тым ауқымды, әрі әлі де шикілеу болғандықтан, жұртшылықтың министрлікке жиі көңілі толмай, оны қатты және де орынды сынға алып жатуы содан болар.  

Ал, енді бүгінгі таңда көпшілікті алаңдатқан мәселеге келсек, әрине, бұл бос дау емес. Менің білуімше, жанжалдың басы – жоғары оқу орындары бағдарламасынан қазақ тілі, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы пәндерін алып тастау туралы ақпараттан басталды. Аталған пәндердің ұлттық сана-сезімі үшін қаншалықты маңызды екенін әр қазақ біледі. Қоғамды алаңдатқан мәселеге біз де сырт қараған жоқпыз, ақпанның басында мұндай шешімнің дұрыс емес екенін айтып, «Ақ жол» фракциясынан депутаттық сауал дайындадық. Алайда, оны мәлімдемеге дейін бір-екі күн бұрын Білім беру министрлігінің жоғарыда көрсетілген пәндерді ешкім де алып тастамаған деген хабарламасы шықты. Сондықтан бұл депутаттық сауалдың қажеті жоқ болып қалды.              

Дегенмен, дау басылудың орнына, жекебас қатынастарды анықтауға көшті. Ал мұндай даулар кейде тым сорақы боп кетеді, әрі жөнсіз деп санаймын. Ғаламтор желілерінде қазақ тілі жанашырларына тіл тигізген жалған сөздер айтыла бастады. Бірталай белгілі адамдардың, соның ішінде партия бойынша әріптесім, ақын, әрі өз елінің нағыз патриоты Қазбек Иса секілді азаматтардың атына «арандатушылыққа түрткі болды» деген кінәлаумен мақалалар жарияланды.      

Туған тілі мен адал атынан басқа қаруы жоқ сол азаматтардың үндемей қалмауы да әбден түсінікті жайт. Ал, енді ақын мен журналистердің тілдері ащы болатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан олардың жауаптары да тым өрескел болып шықты.

Олар да түпкілікті мәселені кейінге қалдырып, министрдің жеке басына сын айта бастады. Меніңше, бұл шектен шығушылық. Негізі осы даудын бір пайдасы да бар да секілді, өйткені шуға түрткі болған мәселе бірден шешілді. Бірақ оны бәрі ұмытып, жеке бас намысымен дауды жалғастыруда. Ал бұндайда кімнің ақ, кімнің қара екенін анықтау қиын. Осы жерде мен Дос Көшімнің бір сұхбатында айтқан сөзімен толықтай келісемін: абыройымызды сақтап, беделімізді түсірмеуміз керек.

Бұл жөнінде пікірталасқа кіріскен партияласым Қазбек Жарылқасынұлымен кеше біраз сөйлескен едік – «сабыр етейік, осымен тоқтатайық» деп. Ол кісі кең-көнілді ғой, шүкір! Ерлан Сағадиев мырзаға да айтарым осы. Мен оны да іскер, әрі ізгі ниетті адам ретінде білемін. Нәтижеге қол жеткізілді: білім беру жүйесінде қазақ тілі, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы пәндерінің орнына ешкім таласып жатқан жоқ. Әрине, ұлттық құндылығымыз – осы пәндерді қорғау үшін сынға түскен барша жұртқа алғыс айту керек! Дегенмен, министрге де алғыс білдірудің жөні бар – ақылдылық танытып,бұл пәндерді оқу бағдарламасында сақтағаны үшін.  

Ең бастысы – ұлттық сана-сезімді кемсітпей, мәртебесін түсірген жоқпыз. Ал, жеке бастың дауы одан кейінгі орында болғаны дұрыс.

Ал, енді, Ареке, сіз қойған сұраққа оралсақ, егер де біздің партия мәселе толық шешілмегенін, ұлттық мүддеге әлі де қауіп төніп тұрғанын көрген, сезген болса – күмәніңіз болмасын–«Ақ жол» партиясының сауалы баяғыда-ақ үкімет пен баспасөз беттерінде жүрер еді.

- Жақсы, солай болсын дейік. Министр өзіне тағылған айыптаулардың барлығын жоққа шығарып, ашық хат жазған академиктердің басқаша сөйлеулеріне ықпал етті. Бұдан білім реформасы түзу жолға түсті деп айта алмаймыз. Қазақ тарихы кафедраларының жоғары оқу орындарында жабылғандығы, оның орнына «Қазіргі заман тарихы» деген пәннің енгізілгендігі министрліктің «Ақ жол» партиясына жіберген жауабында анық айтылған ғой. Егер қоғамда мынадай шу көтерілмегенде «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндері де соның жолын құшар ма еді? Қазір әлеуметтік желіні шарлап жүрген «классификатор» дегеннің тізімінде шынымен де аталған екі пән жоқ. Министр әлі күнге бұл құжаттың қайдан шыққанын нақты түсіндіре алмай отыр.

- Міне осындай нақты мәселелерді талқылауға болады.

Әрине, мен министрдің адвокаты емеспін,меніңше, Ерлан Кенжеғалиұлы өз ісіне өзі жауап беруге күші жетер. Енгізіліп жатқан реформаларды кең жұртшылыққа түсіндіріп, тиімділігін анық көрсету – министрдің тікелей міндеті деп білемін.      

Қажет болса, өз тарапымнан білім беру реформалары жөнінде парламенттік тыңдаулар өткізуге бастамашы болуға дайынмын. Сол жерде өздеріңізді мазалап жүрген барлық мәселелерді көтере аламыз. Не болмаса – аталмыш министр мен оның оппоненттерін бетпе-бет жүздестіру үшін Астанадағы «Ақ жол» партиясының орталық кеңсесіндегі мәжіліс залы даяр. 

Екіншіден, өзініз айтқаныныздай, былтырғы жылы Қазақстан тарихы кафедрасының жабылуына «Ақ жол» партиясының депутаты Берік Дүйсенбинов ресми түрде мәлімдеме жасап, қарсылық білдірген болатын. Сол кезде біз осы сұрақ бойынша айқын жауап алдық, алайда қоғамға жұлқыма мәселелер емес, тұтас ақпарат қажет: министрлік қандай реформа өткізейін деп отыр және ол үшін нені жоспарлауда? Өйткені білім беру жүйесі – министрдің жеке шаруасы емес, бұл біздің ұрпақтың ортақ болашағы.   

Сағадиев мырзаның бұл бағытта жан-жақтан дайындаған өз көзқарасы бар және де біздің сұрақтарымызға жауабы да дайын деп үміттенемін.  

Бірақ, бұл қөзқарасты көпшіліке жеткізу үшін, қоғаммен тығыз байланыста болуы үшін, оған мықты үйлестіруші керегі анық.

Ал, министрліктің осыған жауапты қызметінің басшысын өз міндетін тиісті түрде атқара алмағаны үшін жұмыстан босатуға кеңес берер едім. Егер де бұл қызметкерлердің жоғарыда айтылған жағымсыз арандатушылыққа қатысы бар екені расталса – мұндайларды, тіпті, жауапкершілікке тарту керек. Ерте ме, кеш пе осындай масқараға кім себеп болғанын анықталады деп ойлаймын.  Пікір алмасуымызды "базар-вокзалға" айналдырмай, қаламгер болсын, министр немесе жұмыссыз адам болсын, - әркімнің ар-намысын құрметтеуге міндеттіміз.Сіздің «класссификаторға» қатысты мысалыңызға менің де қосарым бар, күні кеше ғана республикалық тестілеу орталығының басшысы «қазақ тілі ҰБТ-дан алынып тасталды» деп мәлімдеген болатын, бұл жаңалықты алдымен барлық БАҚ таратты. Ал бүгін министр бұл жаңалықты жоққа шығарды. Кафедралар, пәндер, «классификатор», ҰБТ.... Шынымен де, бұның барлығынан түрлі сұрақтар туындайды.

Байқауымша, министрліктің ішінде түсініксіз тартыс жүріп жатқандай. Аяқ астынан шығатын өсектерге қосымша, өткен аптада өкпелі шенеуніктің айып таққан мәлімдемесі жарияланған болатын, кейіннен оны «шетелге рұқсатсыз кеткені үшін жұмыстан шығарылды» деп түсініктеме түсті. Барлық министрліктердің арасында бұл мемлекеттік органның бюджеті ең үлкендердін бірі – жылына шамамен 400 млрд. теңге. Соңғы жылдары баспасөз құралдарында министрлікте қаражаттың пайдалануы жайында түрлі даулар жиі айтылып жүр – мысалы жыл сайын 50млрд теңге ғылыми гранттарды таратуға байланысты, және т.с.с. Мүмкін, небәрі бір жыл бұрын келген министр қызметкерлерді тәртіпке шақырып, немесе өзгертулер бастап, біреулердің «шамына» тиіп кеткен бе, кім білсін. Ал қазіргі таңда министрліктен шығатын «күмәнді» ақпараттар солардың "жауабы" емес пе?

Әрине, бұл тек болжамдар ғана. Бұны растап, не болмаса жоққа шығаратын – Сағадиев мырзаның өзі ғана, өйткені ондай былықтар ең алдымен министрдің өзіне де пайдалы емес.

Біз үшін ең маңыздысы, ендігі жерде білім беру министрлігі өз реформаларын көпшіліктен жасырмай, өткір талқылау мен сын естуден қорықпай, өз жұмысын ашық түрде жүргізіп, шешу жолдарын бірлесіп іздегені дұрыс. 

Бұл үшін саяси мәдениет, көпшілік пікір-талас дәстүрі, бір-біріне деген сыйластық пен шыдамдылық керек. Ал Ерлан Сағадиевке бұл тәжірибе мынаған көзін жеткізуі тиіс: ашықтық – арандатушылық пен жасанды жанжалдан қорғанудың ең сенімді жолы.   

- Тағы да үштілділік жайында. Мамандардың зерттеуінше әлемнің ешбір елінде үш тілде бірден бала оқыту тәжірибесі жоқ. Екі тілде, бірінші сыныптан екі  елде ғана оқытады екен. Біздің елімізде эксперимент ретінде үштілділік қолданылып жатқан мектептерде оқушылардың сол үш тілді меңгеруі қиын болып жатқандығы, әсіресе қазақша оқудың тым нашарлап кеткендігі айтылуда...

- Эксперименттің өзі де осы реформаның әлсіз және күшті жақтарын анықтау үшін жасалған жоқ па? Менің ойымша, біреудің сөзіне ергенше, сол эксперименттің нәтижесін анықтап біліп, нақты қорытынды бойынша тұжырым шығарғанымыз жөн. 

Бұған дейін де мен үш тілді оқыту жайында сұхбат берген едім. Содан бері оның қажеттілігі жайлы менің пікірім тек арта түсті. Халқымыз тек көршілермен ғана емес, бүкіл әлеммен тікелей тілдесу мүмкіндігіне ие болуы шарт. Бұл – біздің саяси, тіпті оның үстінде – діл, "менталды" тәуелсіздігіміздің кепілінің бірі. Сондай-ақ бұл атап өткен көршілердің асқан ақпаратты ықпалынан қорғалудың, ұлт санасы азаттығының кепілі. Алайда бұл тұрғыда біз мемлекеттік тәуелсіздіктің ажырамас бөлігі болып табылатын өз мемлекеттік тіліміздің мәртебесін нығайтуға тиіспіз.   

Егер біз осы мақсат бойынша өзара ауызбіршілікке қол жеткізсек – біртіндеп әдістері, мерзімдері жағынан да келісімге келеріміз анық. Білім беру министрлігінің өз көзқарасы бар, бірақ сонымен бірге министрлік өзге идеяларға да ашық болуы тиіс. Жауапты орган болғандықтан, бұл мәселенің соңғы нүктесін қоятын да солар. Менің бір әскери жолдасым былай дейді: «Ең нашар тәртіп, тәртіпсіздіктен мың есе артық».   

- «Сасқан үйрек артымен сүңгиді». Сағадиев мырза соңғы сұхбатында өзі жойған, Ахмет Байтұрсынов жазған «Әліппені» енді үш жастан бастап оқытамыз деп жар салды. Сонда біздің балаларымыз, немерелеріміздің бәрі вундеркинд, полиглот болып туатын болғаны ма?     

- Ареке, мұндай идеяларға жан-жақты қарағаныңыз дұрыс еді. Біздің балаларымыз вундеркинд болса, несі жаман? Қазақ балаларының өзгелерден қай жері кем? Бүгінгі акселерация (жылдам жетілу) процесі жаһандық сипатқа ие болды. Мысалы, Тэнь  Боэдихарджо 9 жасында Гонконг университетіне оқуға түсті, Ирэн Фудолиг Филиппин университетіне 11 жасында түссе, үндістандық Акрит Пран Ясвал 12 жасында медицина университетінің студенті атанды. Джейкоб Барнетт  Индиана университетіне 10 жасында оқуға түсті.  

Иә, олар вундеркинд. Қазір, ХХІ ғасырда тіпті вундеркинд балалар да таңсық емес, қалыпты үрдіс ретінде қабылданады. Бүгінгі күні вундеркиндтердің тұтас бір топтары мен қоғамдары құрылуда, олар өз елдері мен экономиканы алға жылжытудың озық тетігіне айналуда. Біз олардан неге қалыс қалуға тиіспіз? Біздің балалар дарынды емес пе, олар сияқты? Әлде біздің балалардың ата-бабалары басқалардан кем бе? Мен бұған келіспеймін.

Алматы мен Астана қалаларында 15-20 жыл бойы американдық, британдық мектептер жұмыс істеп келеді, мұнда вундеркиндтер емес, 5 жастан бастап қарапайым қазақ балалары білім алуда. Мысалы, менің ұлым 7 жасында 3-сыныпта оқиды. Ал мен үшінші сыныпта оқығанда 10 жаста едім.   

Біз бірінші сыныпқа барған кезде әріп танып, оқуды үйрендік. Ал,қазіргі заман балалары мектеп табалдырығын аттаған кезде оқып, жазып қана қоймай, арифметиканың төрт амалын жетік меңгеруі тиіс. 

Иә, мүмкін "Әліппені" 3 жаста үйренген ерте шығар. Мүмкін оны 4 немесе 5 жаста үйрену керек болар. Түйеқұстай  басты құмға тықпай – бұл мәселені ашық талқылау керек! Ерлан Сағадиевтің маған ұнайтыны  – көпшілікті ойлануға мәжбүрлеп, қалыпты нәрселерге жаңа қырынан қарауға итермелейді. Тек оның бір осал тұсы – идеялары емес, қоғаммен ашық байланыстың болмауы, бастамалар түсіндіретін серіктестерінің жоқтығы. Оның көп саяси тәжірибесі жоқ, үнемі сынға ұшырап, көпшілік қызу пікір-таласқа әлі үйренбеген. Егер де ол бүгінгі кезеңнен өтсе, болашақ үшін жақсы бір шынықтыру болары анық.  

Дегенмен, алға ұмтылмай, өзгермей, өз-өзімізді аяп, өз балаларымыз бен өз халқымызды жоғары бағалай алмасақ – біз әлем дамуынан қалуымыз әбден мүмкін. Қазіргі уақытта технологиялық тұрғыда озат елдерден 15-20 жыл артта қалғанымыз – негізінен біздің жаңашылдықтан қорқатынымыздың нәтижесі. Сағадиев мырза тым болмаса бұл үрдісті өзгертуге талпыныс жасауда.

- Оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін не істеу керек?

 - Әңгімеміздің басында мен әр ата-ана өз алдына бір мұғалім сияқты деп айтқан болатынмын. Білім министрлігінде Сәрінжіпов басшы боп тұрған кезде «Ақ жол» партиясы депутаттары оқулықтардың жобалары алдын ала министрліктің сайтында жарияланып, кез келген азамат онда өз ескертпелерін немесе қатесін тауып, жазып көрсететіндей дәрежеге қол жеткізген едік.    

Ал енді біздің әріптестеріміз парламентте оқулықтардың сапасы үшін Сағадиев мырзаны сынға алған кезде, ол әділ жауап қайтарған болатын: не себепті сіздер тек сырттан ғана бақылаушы боп жүрсіздер, неліктен сіздің балаларыңыз білім алатын оқулықтарды алдын ала біздермен бірігіп тексермейсіздер? Жөн сөз. Бүгінгі таңда білім берудің сапасы үшін біз өзіміз де жауаптымыз. 

Әрине, министрлікке бұл жұмысты өз жөніне жібере салу дұрыс болмас. Менің ойымша, оқулықтардың санын қысқарту керек, әр пән бойынша әр оқу жылына бір типтік оқулық жетеді. Қазіргі таңда бір уақытта 3-5 оқулық қатар қолданылуда, әр мектеп оқулықты өз қалауына қарай таңдайды. Оқу жылы басталғанда ата-аналар кітап дүкендеріне зыр жүгіріп, керек оқулықты тапқанша дал болады. Кейін сол оқулықтан анық қатені көрген кезде ашуланатындары да түсінікті. Ал, егер тек бір оқулықтан ғана қалдыратын болсақ, мұндай басылымды дайындау, тексеру, оны мазмұны жағынан да, шығару жағынан да сапалы ету әлдеқайда ыңғайлы болар еді. 

Мәселені бұлай шешуге де қарсы шығатындар болары айдан анық, өйткені бүгінгі күні оқулық шығару бизнеске айналды. Жыл сайын жаңа ғылыми деректерді желеу қылып, жаңа оқулықтар басып шығарады. Шын мәнінде, бұл барып тұрған жемқорлық. Қазіргі заманда бірде бір оқулық- пән бойынша барынша білім беруге қауқарсыз. Әр 10 жыл сайын адамзат тарихында жиналған білім көлемі еселене түседі.     

Сондықтан қазіргі білім беру жүйесі баланы дайын білімді жаттап алуға мәжбүрлемей, өмір бойы өз бетімен білім алуға, дамуына түрткі болуы тиіс.

Оқулықтар қалың емес, тартымды болуы тиіс; алуан түрлі ақпаратты қамтымай, балаларды қажетті ақпаратты өз бетінше іздеп табуға, сол ізденістен ләззат алуға жетелеуі тиіс.  

Бірақ мұндай арман-ниеттеріміз өзіміздің ашкөздігімізден құрдымға ұшырайды. Қажетсіз ауыр оқулықтарды басып шығару, мектеп формасы, мектептегі тамақтану, тіпті баланы мектепке немесе балабақшаға орналастыру – аяқ басқан сайын жемқорлық не бопсалау.  

Мұғалімдердің өздерінен де алынатын алымдар аз емес: түкке тұрмайтын аттестациялар, ешкімге қажет емес ақылы байқаулар, бітпейтін есептер мен мектептен тыс жұмыстар... Бұл Сағадиев мырза алдында тұрған үлкен сын. Бұл сынды жеңу үшін оған күш те, мінез де,  адалдық та, тазалық та керек болар. Мұндай мақсаттың жанында кешегі пайдасыз айқай-шу жай ғана кезекті пікір-талас болып қалады.

Сұхбаттасқан: Арман Сқабылұлы

Ұлт порталы