27 жел, 2019 сағат 12:40

Апатқа ұшыраған ұшақтың ұшу жарамдылығы мамырда ұзартылған

Алматыда өткен брифинг барысында ҚР Премьер министрінің орынбасары Роман Скляр апатқа ұшыраған ұшақтың техникалық сипатын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ұшақ 1996 жылы шыққан. Ұшу жарамдылығы туралы сертификаты мен куәлігі биыл мамыр айында ұзартылған. Бұл әуе кемесі қазақстандық реестрде 2016 жылы 26 тамызда тіркелген. Барлығы Bek Air компаниясында 10 әуе кемесі бар. Олардың 9-ында ұшу жарамдылығы сертификаты бар. ҚР Авиация комитеті Bek Air компаниясының жұмысын уақытша тоқтатты», - деді Роман Скляр.

Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.