Бұл аңыз емес, өмірде болған оқиға. Сонау бір жылдары колхоз-совхоздардың құрылып жатқан кезі екен. Талас ауданына қарасты Сталин колхозында Нарымбет деген қойшы өмір сүреді. Қойшының жайы белгілі ғой, қысы-жазы малдың соңында. Қойын бағып көшіп-қонып жүреді.
Бұл оқиға қыстың саршұнақ аязды күндерінің бірінде болыпты. Нарымбет қойын айдап шыққанда күн сәл бұлыңғыр екен, бірте-бірте тұман қоюланып, қораға айдаған малы екіге бөлініп кетеді. Келіншегіне қойға ие бола алмай қалғанын, жартысын қораға қамап кеткенін айтып, оған «өзің үйден шықпа» деп тапсырады. Сөйтіп, Нарымбет қалған қойын іздеуге кетеді. Келіншегі үйде отыра-отыра жалығып, «бұл байғұс малын қайдан табады? Таппаса, мойнымызға ілініп ит болармыз. Қой, құрысын, мен де іздейін» деген оймен киініп тысқа шығады. Өзі екіқабат, айы-күніне жетіп отырған кезі екен. Содан қалың қарға малтығып бірталай жүреді. Итшілеп қырға да жетеді. Сол жерде аяқастынан... толғақ та келіп қалады. Не істеу керек? Алақтап жан-жағына қараса, қыр астында, күнгей бетте бір апан қарайып көрінеді. Келіншек жалма-жан соған қарай сүйретіледі. Бұл қасқырдың апаны еді.
Әлгі әйел сол жерде босанып, балпанақтай ұл туады. Анасы нәрестенің кіндігін тісімен қиып, шүберекпен байлап, етегіне орап алады. Шақалақты омырауына тығып жібереді... Әлден уақытта қыңсылаған әлсіз дыбысты естиді. Сөйтсе, сізге өтірік, маған шын, арт жағында төрт-бес қасқырдың күшігі жатыр екен. Сыртқа үрейленіп көз жіберсе, апанның дәл аузында жардай екі көкжал қарап тұр. Шыр-шыр еткен шақалақ даусын естіген әлгі екі мақұлық жаңа босанған анаға шаппақ түгіл, біртүрлі мейіріммен итке ұқсап құйрығын бұлғаңдатады екен. Олар да іштегі адамның күшіктеріне тиіспегенін, өзі жаңа босанған бейбақ екенін әлдебір түйсікпен сезінетіндей. Содан жаңа босанған келіншек бойындағы бар күш-қуатын жиып сыртқа шығады. Апан аузындағы екі қасқыр кері шегінеді. Қойшының әйелі бір Аллаға сыйынып, артына қарамай жүре береді. Көп ұзамай алдынан атын борбайлатып, малын тауып қоралап алған күйеуі шығады. Болған оқиғаны әйелі оған сол жерде-ақ айтып береді. Сөйтіп, апанда туған баланың атын Қасқырбай қойыпты. Сол бала соқталдай болып ержетеді. Көз көрген қариялар айтып отырушы еді, «Құдайдың құдіреті, сол баланың кейбір қылықтары, мінезі қасқырға ұқсайды» деп. Пәленбай жыл қой баққан қойшы, сөйтіп, сол апанды мекендеген қасқырға да, оның күшіктеріне де тиіспепті. Ал қасекең де қойшының тышқақ лағына тіс батырмапты. Жемтігін аулақтан іздеп тауыпты.
Пана РАХЫМБЕРДІҰЛЫ
Ойық ауылы
Талас ауданы
Жамбыл облысы
"Жас Алаш" газеті