Фото: Freepik
Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы («Сталкинг») күшіне енгеннен кейін осы бап бойынша алғашқылардың бірі болып Құрманғазы ауданының тұрғыны жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ult.kz.
С.К. есімді азамат 2025 жылдың қыркүйегінде жәбірленуші әйелдің үйіне жүйелі түрде келіп, терезесінен сығалап жүрген. Шамадан тыс әрі мазасыз бақылаудан қажыған әйел құқық қорғау органдарына жүгінген.
Сот ер адамның әрекетін заңсыз деп танып, жәбірленушінің психологиялық жағдайына елеулі зиян келтіргенін ескеріп, оған 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың шілдесінен бастап адамның еркінен тыс қарым-қатынас орнатуға тырысу, егер ол зиян келтірсе, қылмыс болып саналады. Бұл үшін физикалық күш қолдану міндетті емес.
ҚР ҚК 115-1-бабы бойынша ең ауыр жаза ретінде 50 тәулікке дейін қамау, 200 АЕК көлемінде айыппұл, қоғамдық немесе түзеу жұмыстары қарастырылған.
Осылайша, «романтикалық» сылтаумен аңду, аңдып қарау немесе мазалау енді заңмен қудаланады.
