26 сәу, 2022 сағат 16:35

AMANAT партиясын алда үлкен науқандар күтіп тұр – Ерлан Қошанов


ҚР Парламенті Мәжілісінің және AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партияны алда қандай кезең күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, осынау тарихи кезеңде партияның жетекшілігін маған сеніп тапсырғаныңыз үшін, жүктегеніңіз үшін өзіңізге және осы шешімді қолдаған партиялас әріптестеріме зор алғысымды білдіремін. Мен бұл шешімді үлкен сын, үлкен жауапкершілік және аманат деп түсінемін», - деді ол AMANAT партиясының XXIII съезінде.

Сондай-ақ, ол партияластарын ел мен Президент аманатын бірге атқаруға шақырды.

«AMANAT партиясы – бұл Президентіміздің қоғамдық тірегі. AMANAT партиясы – бұл реформалар партиясы және Жаңа Қазақстанның жасампаздығы. Құрметті партияластар, бізді үлкен сынақтар, үлкен науқандар күтіп тұр. Еліміз бен Президентіміздің бізге берген сенімін, аманатын бәріміз бірігіп абыроймен атқарайық», - деді Ерлан Қошанов.