22 шіл, 2019 сағат 11:48

Алуа Жолдыбалина: Сенім кеңесінің өзіне сенім қалыптастыру қажет

Саясаттанушы Алуа Жолдыбалина Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өзіне елдің сенімі қалыптасып болмағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы ел арасында толық түсінік қалыптасып үлгерген жоқ. Саясаттанушы Алуа Жолдыбаева кеңес қызметіне арналған дөңгелек үстелде осындай пікір айтты.

«Жалпы БАҚ пен әлеуметтік желідегі пікірлерге зер салсақ, ел арасында Ұлттық кеңес туралы нақты толық түсінік жоқ. Ұлттық кеңесті әкімдіктер мен мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестермен шатастырып жатқандар көп. Бұл кеңестің республикалық деңгейде жұмыс істейтінін, оның Ұлттық статусы бар екенін ел ұқпай жатқан сияқты. Әсіресе, аймақтарда осыны елге түсіндіру қажет», - дейді сарапшы.

Оның ойынша, Ұлттық кеңестің мақсаты мен міндеті елге айқын емес. Алуа Жолдыбалина кеңестің жұмыс форматында қатысты да өз ойын білдірді.

«Бір сөзбен айтқанда, Сенім кеңесінің өзіне сенім қалыптастыру қажет. Жарлық бойынша кеңестің жұмыс органы - Президент Әкімшілігінің бөлімшесі. Біз Еуропадағы, Америкадағы елдердің, Азияда Малайзияның тәжірибелеріне талдау жасадық. Біз мынадай үш бағытты ұсынар едік.

Біріншіден, азаматтардың арыздарының, шағымдары мен сауалдарының нақты жүйесін жинақтау қажет. Кез келген мемлекеттік органдарға түсетін арыз-шағымдарды да осы топқа жинақтау керек. Екіншіден, ашық және жабық тыңдаулар өткізуді ұсынамыз. Үшіншіден, жұмыс топтары мен жұмыс органы «азаматтық жюри» сияқты жаңа технологияларды пайдаланғаны абзал. Төртінші кезекте әлеуметтік желі арқылы диалог жүруі керек. Осы төрт форматқа Президент Әкімшілігі назар аударып, кеңес мүшелерінің жұмысын қамтамасыз етуі керек. Кеңестің құрамы өте орынды іріктелген. Тек енді сол құрамның жұмысын қамтамасыз ету қажет», - деді саясаттанушы.