Ақорда сайтында Алтыншы Каспий саммитінің коммюникесі жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
***
2022 жылғы 29 маусымда Ашхабадта Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Сердар Бердымұхамедовтің қатысуымен Алтыншы Каспий саммиті өтті.
Президенттер достық пен сенім жағдайында Каспийдегі бесжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін, сондай-ақ өзара мүдде тұрғысынан өзекті халықаралық және өңірлік проблемаларды талқылады.
Президенттер Ашхабадта (2002 жылы), Тегеранда (2007 жылы), Бакуде (2010 жылы), Астраханьда (2014 жылы) және Ақтауда (2018 жылы) өткен Каспий саммиттері шешімдерінің маңыздылығы мен оларды нәтижелі жүзеге асырудың қажеттілігін атап көрсетті.
Президенттер 2018 жылғы 12 тамыздағы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюдың мәнін жоғары бағалады.
Мемлекеттер басшылары жан-жақты өзара іс-қимылдың қазіргі жоғары әлеуетін атап өтіп, Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастық деңгейіне оң баға берді.
Каспий маңы елдерінің көшбасшылары Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларына бейілдігін растап, Каспий теңізі өңірінің әлемдегі өсіп келе жатқан рөлін назарға ала отырып, Каспий маңы мемлекеттерінің өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдауға, өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мәдени-гуманитарлық, ғылыми және өзге де байланыстарды дамытуға дайын екенін білдірді.
Президенттер жағалау мемлекеттерінің Каспий теңізіндегі қызметі төмендегі қағидаттар негізінде жүзеге асырылатынын қайта растады:
1) мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін, егемендік теңдігін құрметтеу, күш немесе күшпен қорқытуды қолданбау, өзара құрмет, ынтымақтастық, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау;
2) Каспий теңізін бейбіт мақсаттарда пайдалану, оны бейбітшілік, тату көршілік, достық және ынтымақтастық аймағына айналдыру, Каспий теңізіне байланысты барлық мәселелерді бейбіт жолдармен шешу;
3) Каспий өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету;
4) жағалау мемлекеттерінің Каспий теңізіндегі қару-жарақтарының тұрақты теңгерімін қамтамасыз ету, барлық жағалау мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, әскери құрылысты ақылға қонымды жеткілікті шегінде жүзеге асыру, бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу;
5) өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту бойынша ортақ күш-жігерге сәйкес, оның ішінде барлық жағалау мемлекеттері арасында жасалған халықаралық шарттарға сәйкес болжамдылық және ашықтық рухында әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын сақтау;
6) Каспий теңізінде жағалау мемлекеттеріне тиесілі емес қарулы күштердің болмауы;
7) қандай да бір жағалау мемлекетінің өз аумағын басқа мемлекеттерге жағалау мемлекеттерінің кез келгеніне қарсы басқыншылық және басқа да әскери іс-қимылдар жасауға ұсынбауы;
8) жағалау мемлекеттерінің егемендік және айрықша құқықтары және осыған байланысты олар жағалау мемлекеттері айқындаған қызмет түрлеріне қатысты белгілеген қағидалар сақталған кезде, әрбір жағалау мемлекетінің аумақтық суларының сыртқы шектерінен тыс теңізде жүзу еркіндігі;
9) теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
10) халықаралық сауда мен экономикалық дамуды кеңейту мақсатында транзит жағалау мемлекетінің заңды мүдделерін ескере отырып, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары және тиісті жағалау мемлекеттерінің уағдаластықтары негізінде Каспий теңізінен басқа теңіздерге, әлемдік мұхитқа еркін шығу және олардан еркін қайтып кіру құқығы;
11) Каспий теңізінде жүзуді, оған кіруді/одан шығуды тек жағалау мемлекеттерінің әрқайсысының мемлекеттік туы бар кемелермен ғана жүзеге асыру;
12) бірлескен су биологиялық ресурстарының өсімін молайту және олардың пайдаланылуын реттеу бойынша келісілген нормалар мен қағидаларды қолдану;
13) ластануға жол берген жағалау мемлекетінің Каспий теңізінің экологиялық жүйесіне келтірілген нұқсан үшін жауапкершілігі;
14) Каспий теңізінің табиғи ортасын қорғау, оның биологиялық ресурстарын сақтау, қалпына келтіру және ұтымды пайдалану;
15) Каспий теңізінің экологиясы, биологиялық ресурстарын сақтау және пайдалану салаларында ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдесу;
16) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қағидаларына сәйкес азаматтық әуе кемелерінің ұшу еркіндігі;
17) жағалау мемлекеттерінің егемендік және айрықша құқықтары, сондай-ақ осыған байланысты олар зерттеулердің айқындалған түрлеріне қатысты белгілеген қағидалар сақталған кезде, жағалау мемлекеттері келіскен құқықтық нормаларға сәйкес әрбір жағалау мемлекетінің аумақтық суларынан тыс теңізде ғылыми зерттеулерді жүргізу.
Президенттер ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілеріне шолу жасау және бесжақты құжаттарды келісуді үйлестіру мақсатында Каспий теңізі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобының тұрақты негіздегі қызметінің маңыздылығын атап көрсетті.
Каспий теңізінде тікелей бастапқы сызықтарды белгілеу әдістемесі туралы келісім жобасын бесжақты форматта жедел келісу Каспий келіссөз процесінің бірінші кезектегі міндеті болып табылады.
Каспий ынтымақтастығының тиімділігін арттыру және бесжақты салалық тетіктер шеңберіндегі өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында Сыртқы істер министрлері Каспий теңізіндегі бесжақты ынтымақтастықты дамыту, тереңдету, оңтайландыру, оның форматтарын жетілдіру мәселелері қарастырылатын, Каспий саммиттерінің шешімдерін іске асыру, күн тәртібі мен қорытынды құжаттарының тізбесін дайындау бойынша келісілген шаралар әзірленетін, сондай-ақ өзара мүдделілік білдіретін өзге де мәселелер қарастырылатын кездесулер мен талқылауларды тұрақты негізде өткізіп тұрады.
Президенттер Каспий жағалауы мемлекеттері ынтымақтастығының құқықтық негіздерін қалыптастыру процессіне қанағаттанушылығын білдіріп, осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Президенттер қазіргі уақытта Каспий ынтымақтастығының құқықтық негіздерін дамыту үшін әзірленіп жатқан бесжақты құжаттардың жобаларын келісу процесін жеделдетудің, сондай-ақ бұған дейін қол қойылған келісімдерді іске асыруға байланысты мәселелерді талқылау жөніндегі консультацияларды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Президенттер қазіргі кезеңде санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және инфекциялық аурулардың өршуіне ден қою саласындағы күш-жігерді одан әрі шоғырландыру Каспий маңы елдерінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі болып табылады деген ортақ пікір білдірді. Коронавирус инфекциясының пандемиясынан туындаған күрделі жағдайларда Каспий маңы елдерінің бір-біріне өзара қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқаны қанағаттанарлық деп атап өтілді.
Каспий маңы мемлекеттері арасындағы экономикалық және технологиялық байланыстарды нығайтудың маңыздылығы, үкіметтерді, халықаралық институттарды, іскер топтарды, ғылыми жұртшылықты кеңінен тарта отырып, экономикалық тақырып мәселелерін талқылау үшін маңызды алаң болған 2019 жылғы 11-12 тамызда Түрікменбашыда өткен Бірінші Каспий экономикалық форумының рөлі атап көрсетілді. Ресей Федерациясында Екінші Каспий Экономикалық Форумын өткізу туралы ұсыныс қолдау тапты.
Президенттер Каспий маңы мемлекеттерінің энергетика секторындағы өзара іс-қимылын арттыруға мүдделілігін растады.
Президенттер 2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда қол қойылған Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуін құптады.
Каспий теңізінің ортасын қорғау саласында қабылданған міндеттемелерге бейілдік расталды.
2003 жылғы 4 қарашадағы Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция (Тегеран конвенциясы) тараптарының алтыншы конференциясын 2022 жылдың соңына дейін Әзербайжан Республикасында өткізу туралы ұсыныс қолдау тапты.
Президенттер жан-жақты өзара тиімді бесжақты ынтымақтастықты белсенді дамыту, терең тарихи тамыры бар достық пен тату көршілік қарым-қатынастарды нығайту жағалау елдері халықтарының түпкі мүдделеріне сай келетінін, бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне қызмет ететіні қанағаттанарлық деген баға берілді.
Президенттер Каспий теңізі бейбітшілік, келісім, тату көршілік және жемісті халықаралық ынтымақтастық теңізі екенін атап көрсетті.
Каспий теңізіндегі әскери саладағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.
Президенттер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қағидаттарына сәйкес қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, Каспий маңы мемлекеттерінің әскери саладағы өзара іс-қимылының нормалары мен қағидаларын белгілеуге көмектесетін Каспий теңізіндегі әскери қызмет саласындағы сенім шаралары туралы келісім жобасын келісу жөніндегі келіссөздер процесін ілгерілетуді жақтады.
Каспий саммиттерінің тұрақты сипаты Каспий теңізіндегі ынтымақтастық пен өңірлік дамудың басымдықтарын айқындауға, белгіленген мақсаттарды іске асырудың жалпы тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Каспий маңы мемлекеттері басшыларының кездесулерін өткізу тәжірибесін одан әрі де қолдау ниеті расталды.
Алтыншы Каспий саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Түрікменстан елінің басшылығына ризашылық білдірілді.
Жетінші Каспий саммиті келісілген мерзімде Иран Ислам Республикасында өтеді.
Ашхабад қаласы, 2022 жылғы 29 маусым