14 жел, 2021 сағат 16:51

Есмұхан Обаев пен Нұрғали Нүсіпжанов орденмен марапатталды


Бүгін мәдениет және спорт саласының майталмандары мемлекеттік наградаларға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылдың 2 желтоқсанындағы № 700 Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады. Іс-шара барысында сөз алған Ақтоты Райымқұлова мемлекеттік наградамен марапатталған қайраткерлерді құттықтап, шығармашылық табыстар мен алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі», - делінген аталған министрлік таратқан ақпаратта.

Сонымен І дәрежелі «Барыс» ордені Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының кеңесшісі Есмұхан Обаев пен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымың Алматы қаласындағы филиалының директоры Алтынбек Қоразбайұлын табысталды. Ал спорт ардагері Әмен Тұяқовқа ІІ дәрежелі «Барыс» ордені, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әртісі Нұрғали Нүсіпжанов пен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының көркемсурет кафедрасының профессоры Ескен Сергебаев марапатталды.

Мұнан бөлек «Парасат» ордені Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі Болат Әбділмановқа, «SANALI Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Байкен Әшірбаевқа, Ақан Сері атындағы облыстық филармониясының камералық хорының хормейстері Юрий Колчинге, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының дыбыс режиссері Қадыр Қосайға, режиссер Амангелді Тажбаевқа, мәдениеттанушы Абай Тыныбековке табысталды. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов І дәрежелі «Достық» орденін иеленді.

Ал ІІ дәрежелі «Достық» ордені Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі Екатерина Максим мен германиялық әнші Фридрих Павелге берілді.