23 ақп, 2021 сағат 16:00

«Алтын Орда» тарихына арналған киножобаға дайындық басталды

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Алтын Орда тарихына арналған ірі киножобаның тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті.

Осы мақсатта кино орталығының жанынан жұмыс тобы құрылған, ол ел басшылығына болашақ киножобаның негізгі көрінісін, моделі мен архитектурасы бойынша ұсыныс беретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, киножобаға дайындықтың бірінші кезеңінде кәсіби тарихшылар мен тәжірибелі кинодраматург, этнографтар мен әдебиеттанушылардан ақпарат жиналады. Сонымен қатар, үлкен халықаралық тарихи киножобаларды жасау бойынша табысты тәжірибесі бар Голливуд, Еуропа, Ресей және Азияның үздік өндірістік компаниялары арасынан жаһандық серіктестер мен инвесторларды іздеу жүргізілуде. 

«Біз жұмысты бастап кеттік. Бүгін таңертең екі үздік голливудтық компаниямен видеобайланыс арқылы конференция өткіздік. Жақын арада азиялық әріптестерімізбен кездеспекшіміз. Бұл жерде өндірістің қаржылық моделін пысықтауға баса назар аударған жөн. Кейін бізде рибейт тетігі қосылуы мүмкін, яғни, Қазақстан аумағында жұмсалған қаражаттың бір бөлігін шетелдік компанияларға өтеу (сандар 30 %-ға дейін өзгереді). Басқа жағдайда қалалық және өңірлік Кинокомиссиялар тарапынан барынша қолдау көрсетілетін болады. Олардың құзыретіне билік органдарымен өзара іс-қимыл жасау, әкімшілік ресурстарға қол жеткізу, түсіру жабдықтарымен және көлікпен қамтамасыз ету, тұратын орынды дайындау, актерлерді, локацияларды, деректемелерді іріктеу, жалпы, ыңғайлы киноөндіріске көмектесетін барлық жағдайды жасау кіреді», дейді «ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев. 

Оның сөзіне қарағанда, бұған дейінгі тарихи блокбастер түсіру төңірегінде болған қателіктерді қайталамай, жобаны жан-жақты пысықтауға үлкен жауапкершілік жүктеледі. «Бірінші кезекте ішкі ресурстардың өлшемі алынады – қазақстандық кинематографистердің қайсысы әдеби контентті қалыптастыруға дайын. Түсірілетін киноның тарихи кезеңі іс жүзінде айқын болғандықтан, біз синопсис пен одан кейінгі сценарийді барынша шынайы әрі терең әдеби-тарихи талдау негізінде жазуға кірісуіміз керек. Бұл процесс жедел, бірақ сонымен бірге өте мұқият жүргізіледі деп айта аламын. Осы маңызды жобамен жұмыс істеуде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тарихи, мәдени, тәрбиелік және ең бастысы кәсіби әдіснаманы әзірлеу жөніндегі басты үйлестіруші болуы тиіс», - дейді Е. Қосубаев. 

Оның айтуынша, бұндай картина ерекше мәдениеттанымдық аспектілерге толы. Сондықтан, Кино орталығы халықты жобаның жұмыс барысы мен одан әрі іске асыру жөнінде қабылданған шешімдер туралы хабардар ететін болады.

Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуінде кинематографистерге тарихи тақырыптағы фильмдерді шығару қажеттігін айтқан болатын. 

«Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн», - деп атап өткен еді Президент.