02 қыр, 2021 сағат 12:20

Алты облыста 9 жаңа су қоймасы салынбақ


6 облыста жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын 9 жаңа су қоймасы салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2025 жылға дейін 6 облыста жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын 9 жаңа су қойма салынатын болады. Су қоймаларын салу 20 елді мекенде су тасқыны қаупін азайтуға, 195 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге және ауыл шаруашылығында 20 мың жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді ол. 

Министрдің айтуынша, биыл Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы аяқталды. Қалғандары бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер немесе жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.