11 там, 2020 сағат 19:10

Алматының шеткі аймақтарында 100 шақырым жаңа жол салынады

Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен Алматының шеткі аумақтарында 111 шақырым жаңа жол пайда болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қалалық Мобильділік басқарма басшысының орынбасары Ернұр Абжахан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шеткі аумақтар бойынша 200 шақырым жолдың негізгі бөлігіне,яғни шамамен 50%-дан астамына орташа жөндеу жүрігізілді. Ол Алатау, Наурызбай және Бостандық аудандары. Бұрын қатты жабынды болмаған шағын аудандарда жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Аталған ЖСҚ жүзеге асырылғаннан кейін шамамен 111 шақырым жаңа жол пайда болады», – деді Ернұр Абжахан .

Жалпы ағымдағы жылы ұзындығы 47,4 шақырымды құрайтын 177 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде,оның ішінде112 көше бойынша ұзындығы 18,6 шақырым жаңа жолдың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін қалған 65 көше пайдалануға беріледі. 

Сонымен қатар,жол инфрақұрылымының сапасына қатысты сұрақтар бойынша қала тұрғындары 1308 номері бойынша Open Almaty қоғамдық қабылдауға жүгіне алады, болмаса әлеуметтік желілердегі Алматы қаласының қалалық Мобильділік басқармасының аккаунттарына хабарласуға болады.