07 жел, 2020 сағат 12:03

Алматының медицина қызметкерлері 14 млрд теңгеден астам үстемеақы алған

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте COVID-19-бен күреске жұмылдырылған дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, ковид жұқтырған науқастар мен инфекциялық стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері жұмыс істеген сағаттарына қарай ай сайынғы үстемеақыларын алып жатыр. 

Алматыда биылғы жылдың 9 айында медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 14 млрд теңгеден астам төлем жүргізілді. Осы кезеңде ай сайын 3,5 мыңнан 7,5 мыңға дейін медицина қызметкері үстемеақы алды.

«КВИ-мен күрес барысында жұмыс орнында аталған індетті жұтырып, науқастанып қалған 1491 медицина қызметкері белгіленген төлемді алды. Бұған қосымша 50 медицина қызметкері жергілікті бюджеттен әлеуметтік төлемдер алды. Бүгінгі таңда кадрлық резервте 2450 медицина қызметкері бар», – деді Бақытжан Сағынтаев.