«Индустриалды аймақ - Алматы» ЖШС директоры Берікбол Мәндібаев онлайн брифингте қаладағы шағын өндірістік парктерді дамыту жобасы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылы және одан кейінгі жылдары 5,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін, құны 160 млрд теңге тұратын 38 жобаны іске қосу жоспарланып отыр»,– дейді Берікбол Мәндібаев.
Бұдан бөлек, 2020 жылдың соңына дейін Алматының Индустриалды аймағында төрт шағын өндіріс паркі іске қосылады. Қазіргі уақытта құрылыс компаниялары («KazStroyTrade» ЖШС, «D&J «Industries & Logistic» ЖШС, «Ala Estate» ЖШС, «ADS Industries» ЖШС) жобалық жұмыстарды аяқтап қалды.
Өндіріс ғимараттарының жалпы аумағы 36 мың шаршы метр. Оларға құрылыс, жиһаз, жеңіл және тағам өнеркәсібі саласындағы өндіріс орындары орналастырылады. Өндірістік парктерде бір мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
«Шағын өндіріс парктерін дамыту жобасы «Алматы бизнес – 2025» шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Оның аясында қала аумағында өндіріс ғимараттарын инвесторлар мен өндіріс базаларының меншік иелері салады. Өндіріс ғимараттары шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен: 5-7 жылға дейінгі мерзімге девальвациялық қауіпке қарамастан беріледі. Ғимаратты жалға алу құны шаршы метр үшін 1000-1200 теңгені құрайды. Ғимаратты сатып алу құны шаршы метр үшін 145 000 теңге. Алматы қаласының аумағындағы Индустриалды аймақта шағын өндіріс паркін салу ісіне қатысуға 70-тен астам компания қызығушылық білдірді» – дейді «Индустриалды аймақ - Алматы» ЖШС директоры Берікбол Мәндібаев.