25 қар, 2020 сағат 13:16

Алматының дизайн-код жобасы бойынша қоғамдық талқылау уақытша тоқтатылды

Алматы қаласында бірыңғай ережелерді құру бойынша жұмыс жалғасуда. Дизайн-код жобасын тұрғындар талқылауына ұсыну елдегі және Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты шегеріліп отыр. Бұл туралы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Басқарманың мәліметінше, Алматының дизайн-код жобасы - Қазақстандағы пилоттық жоба. Ол 2017 жылы басталған. Бұл - күрделі жұмыс. Сондықтан мұқият зерттеуді, шығармашылықты және нақты белгіленген ережелерді талап етеді. Жобаның бірқатар пунктері бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді. 

«Пандемияға байланысты қоғамдық тыңдаулар уақытша тоқтатылды. Қазір қаланың барлық субъектілерінен дизайн-код бойынша ұсыныстар мен ескертпелер жинақталуда. Алматыдағы кейбір ірі тамақтандыру орындары күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін дизайн-код жобасына қатысты ұсыныстар сұрайды»,– деп хабарлады басқармадан. 

Қалада бірыңғай ережелерді құру бойынша жұмыс жалғасуда. Елдегі және Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталған соң дизайн-код жобасы қала тұрғындарының талқылауына қайта ұсынылатын болады. 

Дизайн-код – қаланы, қала көшелерін, қоғамдық аймақтарды безендірудің бірыңғай сәулеттік стилі. Жобаның мақсаты – ғимарат қасбеттерінің элементтеріне қойылатын бірыңғай талапты әзірлеу: кіреберіс, маңдайшалар, ақпараттық тақталар, балкон қоршаулары, ауабаптағыш және т.б.