Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында тұмау, ЖРВИ-дің алдын алатын қарапайым тәсілдерді атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, тұмаудан қорғанудың вакцинадан басқа қарапайым шаралары бар.
«Дәрігердің рұқсатымен вирусқа қарсы препараттарды «Анаферон», «Интерферон», «Виферонды» қолдануға болады. Сонымен қатар, вирусқа қарсы жақпамайларды «Оксалин», «Антивирді» пайдалану керек. Иммунитетті көтеретін ақуызға, дәрумендерге және минералды заттарға бай тамақ өнімдерін тұтынған жөн. Әлеуметтік арақашықты сақтау, науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, мезгілге сәйкес киіну керек» - деді Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар, ол халық көп жиналатын жерлер мен науқасқа күтім жасағанда науқас адам да, дені сау адам да медициналық бетперде киюі қажеттігін айтты.
«Науқас үйде болғанда оны оқшаулап, бөлмені жиі желдетіп, науқас және үйдегілер маска киіп жүру, сонымен қоса науқасқа жеке ыдыс бөлген дұрыс. Қолды жиі жуу керек, егер қолды сабынмен жууға мүмкіндік болмаса, құрамында спирт бар немесе дезинфекциялық құралдарды пайдалану қажет. Ата-аналар ауырған баласын балабақшаға, мектепке жібермеуі керек. Осы аталған қарапайым нұсқауларды сақтау сіздерді ЖРВИ мен тұмау ауруынан қорғайды», - деді ол.