04 қар, 2020 сағат 13:30

Алматылықтардың сақтандыру жарнасы 85 млрд теңгеден асты

2020 жылдың 2 қарашасына дейін Медициналық сақтандыру қорына 446,7 млрд теңгеге жуық қаржы жинақталды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жарналар мен аударымдардың көлемі жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр. Жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде. Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 2-қарашасына дейінгі аралықта Алматы қаласынан Қорға 85,5 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 70,6 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары болса, қалған 14,9 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндерге тиесілі», - деді филиал директоры Тілеухан Әбілдаев.

Сондай–ақ, бірыңғай жиынтық төлеушілер саны да артып келеді. Алматы қаласы бойынша 2019 жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 194 мыңнан астам адам 330,4 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеген.