Алматыда Safari Mebel басшысы қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағына сәйкес тіркелген.
«Қылмыстық іс материалдарынан Safari Mebel фирмасының директоры С. есімді азаматтың және басқа да тұлғалардың әлеуметтік желіде өз қызметі туралы хабарландырулар орналастыру арқылы тұтынушыларды қызықтырған. Күдіктілер тұтынушылардың сеніміне кіріп,нақты тапсырыс бойынша өлшемдер жүргізіп, алдын ала төлем алған, тіпті оны өндіруге нақты мүмкіндіктері болмаса да, жиһаздарын жасау мен орнатуға келісім-шарттар жасаған», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.
Полиция өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта 30-дан астам азамат арыз түсірген. Жалпы материалдық шығын 32 млн теңгеден асады.
«Осы күдіктілердің қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтар бізге 8-777-250-68-37 Ерғали Ибраимов және 8-701-624-28-24 Қайрат Қасымбаев телефондары арқылы хабарласуларыңызды сұраймыз», – деді Рүстем Әбдрахманов.