Алматылықтар өздерінің учаскелік инспекторына тосынсый жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алмалы аудандық полиция басқармасы жанындағы жергілікті полиция қызметі басқармасының учаскелік полиция инспекторы Дәурен Үңгірбаев үшін бұл күнделікті жұмыс күні болды. Полицей өзіне сеніп тапсырылған аумақты айналып өтуге дайындалып жатқанда, Төле би даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында орналасқан үйлердің тұрғындары есіктің алдына жиналып алыпты.
Тұрғындарының айтуынша, учаскелік полиция қызметкері Дәурен Төлегенұлы нағыз кәсіпқой маман.
«Біздің учаскелік инспекторымыз өз ісіне әрдайым мұқият қарайды. Біз оның жұмысына, іс-әрекетіне, әдептілігіне тәнтіміз. Сондықтан оған алғыс хат тапсырмақ болып шештік», – дейді жергілікті тұрғын.
«Сіз келгелі біздің аулада тыныштық орнады. Сіз біздің барлық өтінішімізге жауап бересіз және кез келген жағдай дау-дамайсыз шешіледі. Біздің ауланың барлық тұрғындары Сізді құрметтейді және мақтан тұтады» – деді Дмитрий есімді тұрғын.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері де полиция қызметкеріне мықты денсаулық, еңбек жолында сәттілік тіледі
«Маған тұрғындар өз алғыстарын білдіріп жатыр. Өте ризамын, мен жұмысымды істеп жатырмын. Алғыс түрінде түрлі марапаттар алдым, бірақ халықтың ризашылығынан асқан алғыс жоқ екен. Керемет әсер алдым. Әрі қарай үміттерін ақтауға тырысамын, – деді полицей Дәурен Үңгірбаев.