07 қаз, 2021 сағат 18:40

Алматылықтар краннан құрттармен бірге аққан лас суға шағымданды


Алматының Наурызбай ауданының тұрғындары краннан құрттармен бірге аққан лас суға шағымдануда. Мәселеге қатысты «Алматы Су» мекемесі түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрт араласқан лас су Наурызбай ауданындағы Таужолы ықшамауданында шықты. Суды ешқандай тазаламай, бірден өзеннен алатын секілді. Таужолындағы лас судан немесе таза судың жоқтығынан шаршадық. Бүкіл Наурызбай ауданы су мәселесі бойынша зардап шегуде», - делінген видеоға берілген жазбада.

«Алматы су» МКК мәліметінше, Таужолы ықшамауданындағы үйлерге «Алматы су» желісі бойынша келетін судан ешқандай қоспалар мен биологиялық элементтер табылған жоқ. Осы ықшамауданға келетін суық судың сапасы басқа аудандардағы сияқты халыққа арналған ауызсу параметрлерін реттейтін нормативтік құжаттарға сәйкес келеді. 

«Дегенмен, әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты, сондай-ақ видеоны таратушы өз мекенжайын нақты айтпаған соң, кәсіпорын мамандары аталған тұрғын үй массивінің бірнеше үйінен су сынамаларын алды. 

Жиналған су сынамаларына жасалған талдау және «Алматы су« МКК-ның жауапкершілік аймағындағы Таужолы ықшамауданының сумен жабдықтау жүйесін зерттеу нәтижелері суық сумен жабдықтау қызметі бойынша бекітілген нормалар мен ережелерден қандай да бір ауытқулар жоқ екенін көрсетеді. Аталған ықшамауданда қалалық сумен жабдықтау жүйесінен басқа, тұрғындар басқа қызмет көрсетушілердің су құбыры желілерін пайдаланады. Енді осыған ұқсас жағдайларда уәкілетті мемлекеттік органға жүгінуді ұсынамыз», - деді «Алматы су» МКК-да.