09 шіл, 2021 сағат 17:45

Алматылықтар арықтың лас суы ауыз су құбырымен ағып жатқанына шағымданды


«Ақжар» шағынауданының тұрғындары арықтың лас суы таза ауыз су құбырымен ағып жатқанына шағымданды. Наурызбай ауданының әкімдігі мән- жайды түсіндірді.

Тұрғындардың шағымы әлеуметтік желіде тарады. 

«Арықтағы лас су ауыз су құбырымен ағып жатыр. Бұл – шектен шығу. Бізде күні бойы су болған жоқ. Бірақ біраз уақыттан кейін әлгі кір су аға бастады. Кейін Наурызбай ауданы әкімдігінің қызметкерлері арықтың лас суы таза су құбырымен өтіп жатқанын растады. Оны тас төсеу арқылы тоқтатуға тырысты. Өткен жолы суармалы суды да құбыр арқылы жіберген болатын», - деп шағымданды желі қолданушы.

Өз кезегінде Наурызбай ауданы әкімдігі су құбырының өткізу қабілеті төмен болғандықтан қиындық туындағанын мәлім етті.

«Алматы су» мемлекеттік кәсіпорны мен Наурызбай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің күшімен сумен жабдықтау проблемаларын жоюға бағытталған іс-шаралар кешені жасалып жатыр. Су болмаған кезде тұрғындарға ауыз су арнайы техникамен жеткізіледі», - деп хабарлады әкімдіктегілер. 

Сондай-ақ, «Ақжар» ықшамауданының тұрғындарын үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін Алматы қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының тапсырысымен инженерлік коммуникация (сумен жабдықтау және кәріз) құрылысы бойынша кешенді жұмыс жүріп жатыр. 

Оның ішінде сүзгі станциясын қайта жаңарту және жаңа инженерлік желілер салу жалғасуда.

Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі - осы жылдың желтоқсан айы.