28 жел, 2021 сағат 16:48

Алматылық дәрігерлер пойыздың төбесінде селфи жасаған жасөспірімнің жағдайын айтты


Алматы дәрігерлері пойыздың төбесінде селфи жасаған кезінде тоққа ұрынып, аман қалған жасөспірімнің жағдайын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2007 жылы туған С. есімді науқас 27 желтоқсан күні медициналық жедел жәрдем бригадасымен №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді. Электр жарақаты диагнозымен түсті. Ол балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына ауыстырылды. Қазіргі уақытта баланың жағдайы өте ауыр. Анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінде жатыр, жасына сәйкес интенсивті терапия алуда», - деп мәлімдеді Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасында.

Еске салсақ, 27 желтоқсанда Алматы станциясындағы қабылдау-жөнелту паркінде селфи жасап жүрген екі жасөспірім жоғары кернеулі ток разрядын алды. Олардың бірі сол жерде қайтыс болды.