09 қыр, 2020 сағат 16:55

Алматылық дәрігерлер 102 жастағы кейуанаға ота жасады

Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері 102 жастағы кейуанаға ота жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 102 жастағы Анна Шестопалова сан сүйегі сынып, ауруханаға түскен. Кейуананың жасына қарамастан, травматологтар оған ота жасау туралы шешім қабылдады. 

«Біз алғаш рет жасы 100-ден асқан науқасқа ота жасадық. Осыдан бірнеше жыл бұрын 96 жастағы зейнеткерге ота жасаған едік, қазір ол 103 жаста әрі денсаулығы жақсы. Анна апамыз да жақындарын қуантады деп үміттенеміз. Науқастың көңіл-күйі жақсы. Ота сәтті өтті», - дейді травматология бөлімінің меңгерушісі Владимир Семёнов.

 

Дәрігерлер жасы келген үлкен кіслерге ота жасау қауіпті әрі күрделі екенін айтады.

«Әдетте мұндай оталар науқастың жасына байланысты қиын жасалады. Біз операция жасамас бұрын науқасты дайындап, оның рұқсатын алдық. Бәрі ойдағыдай өтті. Ота 35 минутқа созылды»,– дейді травматолог Ахмед Даврешов

Анна Шестопалова өмір бойы бастауыш мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Бүгінде оның үш қызынан тараған бес немересі және жеті шөбересі бар.

Екі ғасырдың куәсі болған кейуана, ұзақ өмір сүруінің себебін айтты.

«Менің ұзақ өмір сүруімнің себебі әрдайым мейірімді болуға тырыстым, ешқандай адаммен жанжалдаспай, барлығына тек жақсылық тіледім, бәрін жақсы көрдім, дұрыс тамақтанып, таза ауада көбірек уақыт өткіздім. Салауатты өмір салтын ұстандым. Мен ота жасатудан қорықпадым, - дейді кейуана

Жалпы алғанда, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының травматология бөлімшесінде жылына әр түрлі 1500-ға жуық ота жасалады, дәрігерлер карантин кезеңінде күрделі қорғаныс шараларына қарамастан ота жасауды жалғастырды.