20 шіл, 2020 сағат 10:37

Алматыға Үндістаннан коронавирусқа қарсы препараттардың тағы бір партиясы келді

Алматыға COVID-19 қарсы препараттардың жаңа партиясы Үндістаннан ұшақпен жеткізілді,деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша COVID-19-ды емдеуге қажет препараттардың қорын құру үшін бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінген болатын. Қала әкімдігі фармацевтік компанияларды қаржыландыруда, яғни дәрі-дәрмек сатып алу үшін оларға пайызсыз несие беруді ұйымдастырды.

Бүгін Алматы әуежайына келген жүкті «Іңкәр» компаниясы сатып алған. Жалпы салмағы – 33 тонна. Жаңадан жеткізілген партияда 312 мың қаптама дексаметазон, 105 мың преднизолон, 5 мың цилитаз, 122 мың цефтирол (цефтриаксон), 10 мың зитрозет (азитромицин сиробы), 57 мың фепадол (таблеткадағы парацетамол), 50 мың аксафлокс (офлоксацин), 5 мың хумоксибид (моксифлоксацин), 10 мың осельтамивир және басқа да препараттар бар.

Қажет дәрілерді қамтамасыз ететін дәріханалар желісі 105-тен 330 дәріханаға дейін көбейді. Бұдан өзге, дәрі-дәрмек коронавирусты емдейтін госпитальдерге де таратылуда. Айтар болсақ, инфекциялық және провизорлық орталықтарға резервтегі қордан 13 шілдеден бастап 70 мыңнан астам қаптама жеткізілді, оның ішінде дексаметазон, цефтриаксон, азитромицин, эноксапарин, офлофлоксацин, меропенем, клексан және парацетамол бар. 

Айдың соңына дейін дәрі-дәрмек тиеген тағы үш ұшақ келеді. Жеткізушілердің айтуынша, ковидке қарсы дәрі-дәрмектің негізгі позициясы бойынша қажетті препараттар қоры жасалды. Оның барлығы қала дәріханаларына еш іркіліссіз бөлінуде.