23 шіл, 2020 сағат 10:05

Алматыға Түркиядан дәрігерлер шақыртылып жатыр

Алматыдағы коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін Түркиядан дәрігер шақыртылып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматы телеарнасында Akimat Live тікелей эфирінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, әкімдікке RAMS Qazaqstan түрік компаниясы осындай ұсыныс жасаған. 

«Алматыда олардың 2 қонақ үйі бар екен. Егер оларға рұқсат беріп, лицензия рәсімдесек 1 қазанға дейін екі қонақ үйді коронавирус науқастарын емдейтін стационарға айналдыруды жоспарлап отыр. Кеше келісім жасалды. 2 қонақ үйде 250 орындық аурухана ашылады. Ол жерде қажетті құрал-жабдықтың бәрі болады. Түрік дәрігерлері жұмыс істейтін болады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, қалада қосымша төсек-орындар жасақтау, қаланың барлық кадрлық резервін жұмылдыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда пандемиямен күрестегі алдыңғы шепке 4 464 медицина қызметкері (2 681 дәрігер мен орта медицина маманы) жұмылдырылды. 1 526 маманнан (дәрігерлер – 246, орта қызметкерлер – 1009, кіші медициналық қызметкерлер және басқалары – 145, волонтерлер – 106) кадрлық резерв жасақталды. Барлығы 328 адам жұмысқа орналастырылды (оның ішінде 96 дәрігер, 160 орта медицина қызметкері, 72 кіші медицина қызметкері және басқалар).