Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жауапты құрылымдармен бірлесіп тұрақты түрде елімізге шетелден келген азаматтарға мониторинг жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы әуежайында халықаралық рейстермен ұшып келген азаматтар арасында коронавирус инфекциясына тестілеу қорытындысы жоқ адамдар анықталып жатыр.
2020 жылдың 27 қазаны мен 3 қараша аралығында шетелден Алматыға 7682 жолаушысы бар 51 әуе рейсі келді. Олардың ішінен 258 жолаушыда ПТР талдауы болмаған.
COVID-19-ға ПТР тест нәтижесі жоқ барлық 258 жолаушы коронавирус инфекциясына зертханалық тексеру үшін карантиндік мекемелерге оқшауланды. Зерттелген 258 тестінің 219-ы теріс нәтиже көрсетсе, 39-ының нәтижесі әлі шыққан жоқ.
Әлемдегі эпидемиялық жағдайдың ушығуына байланысты Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындарын мүмкіндігінше шетелге сапарға шығуды уақытша тоқтатуды, сондай-ақ барлық санитарлық-эпидемиялық шараларды: маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауды жалғастыруға шақырады. Қауіп тобындағы халыққа, әсіресе 65 жастан асқан адамдарға үйден шықпау ұсынылады.
«Әлемде эпидемиялық жағдай тұрақсыз, бірқатар елдерде ауруды жұқтырудың өскені тіркеліп отыр, осыған байланысты карантиндік режимді күшейту бойынша шаралар қабылдануда. Испанияда биыл 26 қазаннан бастап ТЖ режимі енгізілді. Қалаларда коменданттық сағат жұмыс істейді. Францияда 1 желтоқсанға дейін карантин. Франция билігі коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғаларының көбеюіне байланысты бүкіл елде осыған дейін енгізілген оқшаулау режиміне Парижде коменданттық сағат енгізуге талпынып отыр. Германияда 2 қарашадан бастап бүкіл ел бойынша карантин енгізіледі. Австрияда 3 қарашадан бастап коронавирустың таралуын болдырмау үшін 30 қарашаға дейін екінші карантин басталды», - деді Алматы әкімдігінен.