14 қаз, 2020 сағат 11:45

Алматыға әуе рейсімен келген Қазақстанның 4 азаматынан коронавирус табылды

Алматы әуе рейсімен келген Қазақстанның 4 азаматынан коронавирус табылды. Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы жылдың 13 қазанында Алматыға Антальядан әуе рейсімен келген 1 және Шарм-эль-Шейхтен келген 3 азаматымыздан екікүндік карантин кезіндегі тестілеу нәтижесінде коронаирус анықталды. Барлық азаматтар COVID-19-ға арналған сараптама тапсырғаны туралы ПТР анықтамасыз келген. Оларға қажетті емдеу және эпидемияға қарсы шаралар белгіленген тәртіппен жүргізіліп жатыр», - дейді Садуақас Байғабылов. 

Оның дерегінше, 14 қазанда түнде елімізге 9 рейспен 1 052 жолаушы келген. Оның 862-сінің анықтамасы бар, ал 190-ында анықтама жоқ. 

Анықтамасы жоқ жолаушылардың барлығы ПТР тест тапсыру үшін келген қалаларындағы карантин стационарына жатқызылды. 

Атап айтқанда, Нұр-Сұлтанға 5 рейспен келген 533 жолаушының 118-інде, Алматыға 3 рейспен келген 428 жолаушының 62-сінде және Ақтауға 1 респен келген 91 жолаушының 10-ында ПТР тестін тапсырғаны туралы анықтама болмаған.