19 сәу, 2022 сағат 20:40

Алматыдағы жартылай марафонға 28 елдің өкілі қатысты


Өткен демалыс күндері бесінші Алматы жартылай марафоны өтті. Жарысқа барлығы 5 500 әуесқой спортшы қатысты. Олардың арасында 200-ге жуық спортшы әлемнің 28 елінен келіп қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шетелдік қатысушылардың көпшілігі ТМД елдерінен, алайды Ұлыбритания, АҚШ, Австралия сияқты мемлекеттерден келгендер де бар. 

Айта кетерлігі, қорытынды бойынша абсолютті есепте Мәскеуден келген жартылай марафоншы жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ринас Ахмадеев жеңімпаз атанды. Оның мәре уақыты - 1 сағат 5 минут 11 секунд, бұл Алматы жартылай марафоны трассасының 21.1 км-дегі жаңа абсолютті рекорд.

«Елімізде өтетін марафондар әлем сайыстарының картасына түсіп, халықаралық іс-шаралар деңгейіне шыққанына өте қуаныштымын. Бұл жағдай ішкі туризмге серпін беріп қана қоймай, сырттан келетін туристер үшін де тартымды оқиғаға болмақ», - деді жарысты ұйымдастырушы Салтанат Қазыбаева.

«Мұндай іс-шаралар қазақстандық және шетелдік туристердің назарын аударады. Сондықтан соңғы бірнеше жылдары осындай іс-шаралардың ұйымдастырушыларын барынша қолдауға тырысып жүрміз. Мысалы, Business Media Central Asia көрме холдингімен, «Бірінші болу – батылдық» қорымен бірлесіп, осы жылдың маусым айында елордада «Qazaqstan Live Fest» іс-шарасын өткізуді жоспарлап отыр», - деді Kazakh Tourism ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.

Kazakh Tourism баспасөз қызметінің хабарлауынша, Qazaqstan Live Fest-туризм, спорт және белсенді өмір салтына арналған жаңа шара. Фестиваль аясында 2022 жылдың 19 маусымында алғашқы астаналық Nur-Sultan Half Marathon жартылай марафоны бастау алады. Марафонның мәресі мен сөресі «EXPO» халықаралық көрме орталығының аумағында өтеді.