11 там, 2025 сағат 15:44

Алматыдағы концерттен есте қалған сәттер: Джей Лоға кім құлпынай лақтырды?

Фото: kp.ru

Кеше, 1 тамызда Алматыда әлемге әйгілі жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті дүркіреп өтті. 20 мыңнан аса адам жиналған концерттен көрермендер әр түрлі әсер алып қайтты.  Джей Лоның кезекті концертінде қандай есте қалардық сәттер болғанын туралы Ult.kz хабарлайды.

Бақытты шегіртке

Әнші сахнада ән айтып жатқанда мойнына шегіртке қонып алды. Үлкен экраннан анық көрінген бұл жағдайды көрермендер камераға түсіріп, шуылдасып жатты. Сол кезде әншінің өзі шегірткені қағып жіберді де, күліп, көрерменмен тілдесе бастады. 

Фото: видеодан скриншот

Бұл жағдайды желі қолданушылары лезде жарыса айтып, "көп адам бара алмаған концертке барып, Джей Лоның мойнына қонған бақытты шегіртке" деп әзілдеп жатты.

Сонымен қатар көрермендердің арасында денесінде жорғалап жүрген жәндіктен қорықпай, сабыр сақтаған әншінің әрекетіне тамсағандар болды.

It’s a girl! - Джей Ломен өткен гендер-пати

Концерт барысында сахнаға көрермендер гүл сыйлауға шыққан болатын. Гүлмен бірге қазақстандық жұбайлар Джей Лоға конверт ұсынған. Конвертті ашқан әнші жымиды да, "It’s a girl!" , яғни "ол қыз!" деп айқайлады. Осылайша сәби күтіп жүрген жас жұбайлар ерекше гендер-пати жасай алды.

Фото: Newtimes.kz

Ұйымдастыру жұмысына шағым және тазалық мәселесі

Алматыдағы Орталық стадионда өткен концерттің ұйымдастырылу жұмысына көңілі толмағандар өз шағымдарын айтып жатты. 

Бұл туралы бұған дейін жазғанбыз: Алматылық көрермендер Дженнифер Лопес концертінің ұйымдастыруына шағымданып жатыр


Тағы оқи отырыңыз: "Ұзын-сонар кезек, кептеліс": Алматыда Дженнифер Лопестің концерті өтеді


Фото: видеодан скриншот

Бұдан бөлек келушілердің кей бірі көрермендердің тазалық сақтамағанына шағымданып, қоқыс салғыштар тұрса да стадионды былғап кеткендерін айтты. Солардың бірі threads қолданушысы Арай Молдабаева болды. Ол концерт алаңындағы V.I.P. зонаны видеоға түсіріп:

"200 К -ға билет сатып алған адамдар, алматылықтар, артарыңыздан қоқыс тастап кетуге ұялмайсыздар ма? Қастарыңызда қоқыс тастауға арналған көп қоқыс бактары тұрды", деп жазды threads әлеуметтік желісіне.



Фото: Арай Молдабаева видеосынан скриншот

"Ұят болмасын": Джей Лоға алматылықтар құшақ-құшақ гүл сыйлады

Есте болса Астанада өткен концертте бір азамат Джей Лоға үш тал гүл сыйлап, елдің назары соған түскен. Көпшілік әлемдік жұлдызға құшақ-құшақ гүл сыйласа да аздық ететінін, алай да ондай құрмет жасалмағанын қынжыла айтысқан.

Ал Алматыда өткен концертте осы олқылықтың орны толып, алматылықтар Дженнифер Лопесті гүлге көмкеріп тастады. 

Фото: Kazinform

Шоколадты құлпынай оқиғасы

Көрермендер поп-жұлдызды гүлге орап, құшағын гүлге ғана емес, басқа да сыйлақтарға толтырмақ болды. Алайда сондай жағдайдың бірі ыңғайсыз кейіпте көпшіліктің назарына түсті.

Дженнифер Лопес концерт барысында келушілермен тілдесу үшін көрермендерге жақындағанда олар құшақ-құшақ гүл сыйлай бастады, сол кезде бір қорап шоколадқа малынған құлпынай десерті Джей Лоның бетіне түсіп, әншінің баскиімін жерге құлатты.

Бейнежазбаға қарағанда шоколадты құлпынайдан жасалған букетті көрермен әншіге сыйлағысы келіп, бір топ адамның ішінен ентелей бергенде қолынан түсіп кеткен сыңайлы. Алайда Дженнифер Лопеске бұл жағдай ұнамаса керек, сыйлықты қабыл алмады.