29 там, 2019 сағат 06:34

Алматыдағы көлік оқиғасы: Желіде жаңа видео пайда болды

Әлеуметтік желіде Алматыда адамдарды қасақана қаққан көлік оқиғасына қатысты тағы бір видеосы пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Куәгер бұл оқиғаны телефонға басқа қырынан  түсіріп, желіде жүктеген. Постта екі топ төбелесіп жатқаны туралы жазылады.

Естеріңізге салайық, 26 тамызда таңғы сағат 5-те Алматы қаласы Бостандық ауданы Гагарин көшесінде болған қақтығыстан кейін бір тараптың өкілдері өз қарсыластарын автомобильмен қағып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Видео әлеуметтік желіде тарады.

Гагарин көшесінде адамдарды қасақана қаққан күдіктілердің бірі 26 тамыз күні кешке  ұсталған болатын. Ол - Алматы облысы  Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, 1995 жылы туған А. есімді азамат. Ол, ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адам қылмыс жасау кезінде ақ түсті Toyota Camry маркалы автокөлігін басқарған.

Адамды қасақана қағу ісі бойынша айыптұрағына қамалған автокөліктің мемлекеттік нөмірі бұған дейін де бір іске қатысы бар болғаны анықталды. Атап айтқанда, 2017 жылы дәл осындай мемлекеттік нөмірлі көлік мінген жүргізуші есірткіге елітіп көлік басқарғаны үшін ұсталған.

Күдіктілердің анасы Нәзира Әликеева ұлдары мұндай іс әрекетке өздерін қорғау үшін барды деді. 

Полиция адамдарды қаққан көліктерді тауып тәркіледі. Екі көлікті айғақзаттар ретінде  ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркеді.