25 мау, 2021 сағат 14:10

Алматыдағы азық-түлік бағасына қатысты қала әкімі пікір білдірді


Алматы қаласының әкімдігі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 22 млрд теңгеге форвардтық келісімшарт жасасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр біз айналымдық схеманы іске қосқан болатынбыз. Ол бойынша ірі сауда орталықтары мен өндірушілерге жеңілдетілген несие бөлеміз. Осы несиені ала отырып олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын көтермеуге міндеттеме алады. Осылайша бағаның күрт өсуін болдырмаймыз», - деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Әкім сөрелердегі картоп пен сәбіз бағасын реттеу үшін оңтүстік өңірлермен тығыз жұмыс жасалып жатқанын атады.

«Иә, маусым аралығында картоп, сәбіз, қырыққабат сияқты өнімдердің бағасы қымбаттап кетті. Қазір біз Түркістан облысымен барлық азық-түлік түрін жеткізу бойынша келісім жасадық. Қант бойынша былтырдан бері Алматы облысындағы Ақсу зауытымен жұмыс істеп келеміз. Келісімшартта көрсетілген баға қазір бізге өзге жеткізушілер ұсынып жатқан бағадан төмен екенін айту керек. Осы шаралардың бәрі қазір бізге қажетті азық-түлік бағасын қымбаттатпай ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, қазір Тәжікстанмен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Қалалық бизнес түрлі өнімдер жеткізу бойынша тікелей байланыс орнатып, делегациялар алмасты. Тәжікстаннан алғашқы көлем келіп жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі бұл істе іргедегі Алматы облысының әлеуеті толық пайдаланылмай жатқанына тоқталды. 

«Алматы облысының әкімімен кездескен кезде де айтқанмын, біз жылына 1 млн тонна азық-түлік тұтынамыз. Алматы облысы осы көлеммен бізді қамтуға толықтай жұмыс істей алады. Қазір ішінара 1 млн тонна деген – өте үлкен нарық. Аталмыш өлкедегі осы ақылы шаруаларға да қолдау көрсеткен болар едік. Қазір ішінара Түркістан және Алматы облыстарымен жұмыс істеп жатырмыз. Картопты қазір Павлодар облысынан алып отырмыз. Екінші аралық маусымға дайындық барысында 22 млрд теңгеге форвардтық келісімшарт жасап қойдық. Бұл мақсатқа бюджеттен жеткілікті қаражат бөлініп отыр», - деді әкім.

Оның сөзіне қарағанда, қаланың барлық базарларында әлеуметтік азық-түлік дүңгіршектері ашылған. Ондағы баға басқа өзге сауда нүктелеріне қарағанда 30-50 пайыз төмен. 

«Тіпті сол базардағы іргелес сөрелердің өзі соған қарап, бағаны түсіріп жатыр. Жұмыртқа бағасына да шекті баға бекіттік. Енді қырыққабаттың бағасын да бекітпекшіміз», - деді қала басшысы.