Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Ақбұлақ ықшамауданындағы атыс кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларымен кездесіп, пәтер кілтін табыстады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Кездесу барысында қала әкімі тағы да көңіл айтып, отбасыларына пәтер кілтін табыстады. Алматы әкімдігі қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына қолдау көрсетуден аянбайды", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция майоры Сүлеев Дархан Дауылбайұлы, 1982 жылы туған, ҚР ІІМ Алматы Академиясының магистратурасын бітіргеннен кейін 2003 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етті. 2021 жылдың тамызында учаскелік инспектор лауазымына тағайындалған еді. ІІО қызмет еткен жылдар ішінде ол 6 марапатқа ие болды, оның ішінде "Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін" 3-дәрежелі медалімен, сондай-ақ "Қазақстан полициясына 25 жыл" төсбелгісімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған бес баласы бар.
Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы, 1988 жылы туған, ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет еткен. Ол 13 марапатқа ие болды, оның ішінде "Үздік құтқарушы жауынгер" және "Қазақстан полициясына 25 жыл" төсбелгілерімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған екі баласы бар.
Еске салайық, оқиға 20 қыркүйекте кешке болған, шамамен сағат 17.20-да Ақбұлақ шағынауданындағы үй иесінің бірі аңшы мылтығынан оқ атқан. Куәгерлердің айтуынша, атыс бір минут ішінде болған.
"Алматылық атқыш" бес адамды өлтірді. Қаза болғандар арасында екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, сондай-ақ үйдің жаңа иесі мен куәгер бар.
Полицейлер күдіктіні ұстады. Ол - 1997 жылдан бері осы жерде тұратын 54 жастағы үйдің қазіргі иесі. Оның кінәсі дәлелденсе, ер адам 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.